
Нидерланды Қазақстанда өте маңызды сирек металл өндіруге ниетті. Еуропа өнеркәсібіне керекті литий, кобальт, никель, бор және сирек жер элементтерін өндірі мен өңдеудегі жобаларды қолға алмақ.
Бұл туралы «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы мен Нидерланд сауда миссиясының кездесуі барысында белгілі болды.
Аталмыш миссия құрамына тау-кен технологиялары, металлургия, ресурстарды қайта өңдеу, шикізатты қайта пайдалану және циркулярлық шешімдерді енгізу салаларына маманданған Нидерландтың жетекші компаниялары мен ғылыми ұйымдары кірді. Олардың қатарында Royal IHC, Witteveen+Bos, WMC Energy, Nijhuis Saur Industries және басқалар бар.
«Тараптар «жасыл» энергетика мен аккумулятор өндірісі үшін негізгі ресурс саналатын литий, кобальт, никель, бор және сирек жер элементтерін өндіру мен қайта өңдеу жобаларын дамыту перспективаларын талқылады», – делінген хабарламада.
Нидерланд миссиясының өкілдері Қазақстанды Еуропа өнеркәсібі үшін шикізатқа сенімді қолжетімділікті қамтамасыз етудегі стратегиялық әріптес ретінде қарастыратынын және нақты жобалар аясында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендерін атап өткен.
Нидерланд Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторы: тәуелсіздік жылдарында 120 млрд АҚШ долларынан астам қаржы салған.
Еуроодақ комиссиясы 4 маусым күні сирек кездесетін металдар өндіруге қатысты 13 жаңа жобаны жариялады. Олардың арасында Қазақстан да бар.