Алматыда шахмат ойлау жүйесінің жаңа орталығы ашылады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Фото: Pixabay.com

2025 жылғы 18 қыркүйек күні Алматы қаласында шахмат ойлау жүйесінің жаңа орталығы ашылады. Салтанатты шара Narxoz Business School-дың жаңа кампусында өтеді. Іс-шараға Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті Аркадий Дворкович, Narxoz университетінің Басқарма төрағасы – президенті Қанат Қожахмет, сондай-ақ Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті, гроссмейстер Дармен Садуақасов қатысады.

Салтанатты рәсім

  • 14:00 – ресми ашылу, лента қию, фотосессия және алғашқы символикалық жүрістер;
  • 14:30 – Аркадий Дворкович студенттерге дәріс оқиды, кейін ашық диалог форматында сұрақ-жауап сессиясын өткізеді;
  • 16:00 – қорытынды сөз сөйлегеннен кейін бейресми әңгімелесу өтеді.

Балалар арасындағы әлем чемпионаты

Жаңа орталықтың ашылуы FIDE World Cadet Chess Championships 2025 турнирімен қатарласа өтеді. 19–30 қыркүйек аралығында Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Спорт және концерт кешенінде U8, U10 және U12 санаттарында жас шахматшылар әлемдік біріншілікке қатысады.

Университеттердегі шахмат серіктестігі

Қазақстан шахмат федерациясы бұған дейін де бірқатар жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатып келеді.

  • 2024 жылғы 11 қазанда – Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде шахмат клубы ашылды, ол Oskemen Open турнирінің финалымен тұспа-тұс өтті.
  • 2025 жылғы 7 наурызда – Narxoz университетінде студенттік шахмат клубы іске қосылды.

Freedom Holding Corp. бас демеушілігімен Қазақстандағы университеттерде шахматты дамыту жобалары жүзеге асуда.

Сонымен қатар, халықаралық бағдарлама аясында жеті университетпен меморандумға қол қойылды:

  • Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті
  • М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті
  • Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті
  • Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті
  • М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті
  • Шәкәрім университеті
  • Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті

Бұл бастама болашақта бастауыш мектептерде шахмат пәнін енгізуге арналған педагогикалық кадрларды даярлауды көздейді.

Сондай-ақ оқыңыз