
Алматының Бас жоспарына түзету енгізіледі. Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Бас жоспарды түзету мәселесі бойынша арнайы жиналыс өткізген. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиында полиорталықтарды дамыту, «Батыс қақпа» мен «Шығыс қақпа» жоспарын жүзеге асыру мәселелері талқыланған. Бұл жобалар негізінде жаңа тұрғын үйлер мен іскерлік орталықтар қалыптастырылып, орталыққа түсетін салмақ біртіндеп азаяды деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек заманауи қоғамдық кеңістіктер, жұмыс орындары мен әлеуметтік инфрақұрылым пайда болады.
«Алматының Бас жоспарын түзету мәселесі қазір күн тәртібінде тұр. Бұл өз кезегінде егжей-тегжейлі жоспарларды қайта қарауды және оларды құрылыс барысында бұлжытпай сақтауды талап етеді. Қала тұрғындарының тұрмысын нашарлататын шамадан тыс тығыз құрылыстан сақ болған жөн. Әрбір жоба салалық басқармалардың сүзгісінен өтіп, мұқият тексерілуге тиіс. Белгілі бір ескертулер анықталса, олар нысан пайдалануға берілмей тұрып тез арада түзетілуі қажет», – деп мәлімдеді әкім.
Бас жоспардың жаңарту Тоқаевтың Алматыға соңғы жұмыс сапары кезіндегі тапсырмасына сай жүзеге асырыдып жатқаны айтылады. Оған сәйкес, қаланың таулы аймақтарына құрылыс жүргізуге мараторий жарияланған.