
Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін 7 жыл іздеуде болған азамат Түркиядан Қазақстанға экстрадицияланды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігі Интерполының қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен Қазақстан азаматын трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны, ойын бизнесін заңсыз ұйымдастырғаны және билігін асыра пайдаланғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Түркия Республикасынан экстрадициялады», – делінген прокуратура хабарламасында.
Прокуратура мәліметінше, күдікт Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік органдарының бірінде басшылық қызмет атқарған. Экс-шенеунік 2015–2016 жылдары аралығында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушыларға қамқорлық жасап, бұл «қамқорлығы» үшін үлкен көлемде сыйақы алып жүрген.
Қылмыс әшкере болған соң, күдікті жасырынып үлгерген. Құзырлы орган заң талаптарын бұзған экс-басшыға іздеу жариялаған.
Оның Түркия елінде бой тасалап жүргені 2024 жылдың қаңтарында белгілі болған. Көп ұзамай прокуратура Измир қаласында ұсталған күдіктіні елге экстрадициялау туралы Түркия еліне сұрау салған. Түркияның құзырлы органдары келісімі беріп, іздеудегі азамат елге қайтарылған.
Айта кетейік, 5 қыркүйек күні 11 кәсіпкерді 126 млн теңгеге алдып кеткен азаматтың Қырғызстаннан экстрадицияланғаны хабарланды. Ал мұның алдында 6 жыл іздеуде жүрген есірткі саудасына қатысы бар күдікті Ресейден жеткізілген болатын.