Жаңалықтар

Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді

Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің
Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді / Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің киберқауіпсіздік жөніндегі отырысын өткізді, деп хабарлайды Ақорда.

Жиында киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтарға арналған цифрлық ортаны қорғау мәселелері талқыланған.

Президент жолдауында Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыруды көздейтін міндет жүктегенін айта келе, осы мақсатта кешенді шаралар қабылдау қажет екенін айтқан. Бұл орайда бірінші кезекте киберқауіпсіздік саласында ауқымды жұмыс атқарудың маңыздылығына тоқталған.

Сонымен бірге жиын барысында мына мәселелер де қамтылған:

  • қазіргі заманғы киберқатерлер мен оған қарсы іс-қимыл әдістері;
  • аса маңызды ақпараттық инфрақұрылымды қорғау;
  • киберқауіпсіздік индустриясын дамыту;
  • сала кадрларын даярлау жүйесін жетілдіру.

Президент киберқылмыспен, соның ішінде кибералаяқтықпен күрес жүргізудің маңызды екенін айтып, киберқылмыстарды тергеуге қатысатын мемлекеттік органдардың құзыретін арттыруды тапсырған.

«Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың жеке деректерін қорғауды және дербес мәліметтерді таратқаны үшін берілетін жазаны күшейтуді басты міндет ретінде атады. Сондай-ақ киберортадағы қауіпсіздік пен жауапты әрекет қағидаттарын халыққа кеңінен түсіндіріп, алдын алу жұмыстарын күшейтуді міндеттеді», – деп хабарлайды Ақорда.

Сондай-ақ жауапты органдарға стратегиялық тәуекелдерді азайтып, киберқауіпсіздік мәселелерін жүйелі түрде шешу үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырған.

Еске сала кетсек, Тоқаев 8 қыркүйек күні «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына жолдауын жариялаған болатын. Онда экономиканы жан-жақты цифрлық жаңғыртуды, ЖИ технологиялыран енгізуді тапсырған болатын.