Жаңалықтар

ЖИ негізінде елдің су ресурстары туралы мәлімет жинайтын жүйе іске қосылады

Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі іске қосылады / Фото: kursiv.media
Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі іске қосылады / Фото: kursiv.media архив

Қазақстанда 2026 жылы Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі іске қосылады. Бұл жүйе ЖИ технологияларымен интеграцияланып, елдегі жерасты және жер үсті су қоры туралы мәліметтерді жинап отырады. Бұл туралы Су ресурстар және ирригация министрлігі хабарлады.

Тоқаев тапсырмасы

Министрлік Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында айтқан тапсырмаларын орындау мақсатында арнайы ұлттық ақпараттық жүйені әзірлеуді қолға алған.

Бұл жүйе жерүсті және жерасты суы, гидротехникалық құрылысжайлар мен өзге де су шаруашылығы нысандары туралы мәліметтерді жинақтайды. Жүйеге болашақта жасанды интеллект пен ғарыштық мониторинг деректері енгізіледі. Бұл елдегі су балансын қадағалауға, экономика мен азаматтардың суға деген нақты қажеттілігін нақтылауға мүмкіндік беріп, су ресурстарын пайдалану тетігін реттестіруге жол ашады.

«Ақпараттық жүйені енгізу нәтижесінде жерүсті және жерасты су ресурстарын есепке алу және басқару үшін бірыңғай цифрлық платформа құрылады. Бұл мемлекеттік жүйелермен интеграциялау арқылы мәліметтердің қайталануын жойып, суды пайдаланудағы ашықтық пен тиімділікті арттырады, сондай-ақ су тапшылығы мен төтенше жағдайлармен тиімді күресуге мүмкіндік береді», – делінген баспасөз хабарламасында.

Жобаны кім қаржыландырады

Министрлік ірі платформаның Еуразиялық даму банкінің гранттық қаражаты есебінен әзірленіп жатқанын хабарлады. Жүйе 2026 жылдың соңына дейін іске қосылады.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жобаның белгіленген мерзімде іске қосылуы үшін ведомствоға қарайтын ұйымдардың басшыларына бірқатар тапсырмалар берген. Сонымен бірге Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесіне енгізілетін деректердің дәлдігі мен өзектілігін қатаң қадағалауды міндеттеген.

«Қазірдің өзінде ауқымды жұмыс атқарылды. 2026 жылы жүйені іске қосуымыз қажет. Әрбір азамат су ресурстарының жағдайы туралы қажетті ақпаратты осы жүйеден ала алуы тиіс. Ол үшін күнделікті жүйелі жұмыс жүргізілуі керек. «Қазсушар» мен бассейн инспекциялары мамандары енгізетін мәліметтер нақты болуы шарт. Бұл мәселеге барынша жауапкершілікпен қарау қажет», – деп тапсырған министр.