Lifestyle

Онлайн-шопинг жасауға ең ыңғайлы уақыт анықталды

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстандықтардың 89%-ы соңғы алты ай ішінде кем дегенде бір рет интернетпен сауда жасаған. Зумерлер көбінде түнде тапсырыс берсе, аға буын күндізгі уақытты таңдайды. Tiburon Research Kazakhstan агенттігі «Золотое Яблоко» бьюти-ритейлерімен бірігіп онлайн-шопинг жасайтын тұтынушыларға зерттеу жүргізді.

Жастар түнгі уақытты және жанаспай жеткізу қызметін таңдайды

Зерттеу деректеріне сәйкес, ең белсенді онлайн-сатып алушылар – зумерлер (18–24 жас). Оларға түнгі тапсырыстар тән: интернеттегі сауданың шамамен 10%-ы түнгі 00:00–02:00 аралығында, тағы 20%-ы күндізгі 15:00–17:00 аралығында жасалады. Жастар үшін қарапайымдылық пен жылдамдық маңызды. Тіпті курьердің қоңырау соққанын да қаламайды. Сондықтан тауарды есік алдына қалдырып кететін жанаспай жеткізу қызметін дұрыс көреді.

Миллениалдар үшін баланс маңызды

25–34 жас аралығындағы буын да онлайн-шопингті жиі пайдаланады, бірақ олардың талғамы аздап өзгеше. Тапсырыстардың негізгі шарықтау сәті түскі уақытта (12:00–14:00) және түстен кейінгі мезгілде (15:00–17:00), бұл уақытта жалпы сауда көлемінің 20%-ы орындалады. Дегенмен, миллениалдар арасында түнгі тапсырыстар да кең таралған. 10-15% аудитория түнгі 00:00–02:00 аралығында сауда жасайды.

Бұл топ үшін бастысы – баланс. Ыңғайлы болғандықтан курьер қызметін таңдайды, бірақ тауарды дүкеннен өзі барып алып кетуді де жөн көреді.

Егде буын сенімділікті бағалайды

Қазақстандағы ересек буын (35–65 жас) түнгі уақытта сирек тапсырыс береді. 35–44 жастағылардың небәрі 7%-ы, ал 45–65 жастағылардың тек 5,4%-ы саудасын түнгі 00:00–02:00 аралығында жасайды. Керісінше, түскі уақыт олар үшін ең ыңғайлы уақыт. 35–44 жастағылардың шамамен 20%-ы, ал 45–65 жас аралығындағы респонденттердің 21%-ы тапсырысты 12:00–14:00 аралығында жасайды.

Бұл санат үшін ең маңыздысы – сенімділік. Тауарды алдын ала қарап, оның бірнеше күн жеткізу пунктінде сақталып тұруын дұрыс көреді. Респонденттердің жартысынан көбі (53%) киіп көру қызметін маңызды деп санайды, ал 75% үшін тауарды алып кететін пункттердің жақын болуына мән береді.

Осыған дейін «Золотое Яблоко» косметика сатып алатын тұтынушыларына қатысты зерттеуін жариялады. Оған сүйенсек, косметикаға әйелдерге қарағанда ер адамдар көбірек ақша жұмсайды екен. Негізінен қаражат преимум парфюмге кетеді.