
Оралда «Ақжайық» қорының директоры демеушілікке түскен ақшаны депозитке орналастырып, банктің сыйақысы есебінен жол талғамайтын көлік алған. Бұл жайлы «Уральская неделя» басылымы жазады.
2024 жылы Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынында зардап шеккендерге арналған демеушілік қаржыны «Ақжайық» жеке қорының директоры Тілекқабыл Имашев депозитке салып, одан түскен пайыздық табысқа Hyundai Tucson маркалы автокөлік сатып алған. 2025 жылы төленген көлік салығына (29 209 теңге) қарағанда, жаңа кроссовер кем дегенде 21 млн теңгеге алынған.
Қаражатты кім жинады?
2024 жылғы су тасқыны кезінде БҚО әкімдігі «Ақжайық» қорының есепшотын жариялап, зардап шеккен азаматтарға көмек жіберуге шақырған. Қорға Қарашығанақ мұнай-газ кен орнын игеруші компаниядан, сондай-ақ бірнеше екінші деңгейлі банк, қайырымдылық қорлар мен ірі компаниялардан қаражат түскен. Жалпы «Ақжайық» қоры арқылы БҚО тұрғындарына 2024 жылғы су тасқынынан кейін көмек ретінде 73,5 млрд теңге жиналды.
Бұл қаражат қордың есепшотында жиналып, әкімдікке берілген ресми құжаттар бойынша, баспанасынан айырылған азаматтарға 2011 пәтер мен 777 үй сатып алуға, сондай-ақ жолдарды жөндеуге, өңірдегі 19 бөгетті қалпына келтіруге жұмсалған.
Қайырымдылық қорына жол талғамайтын көлік не үшін қажет?
Басылым Тілекқабыл Имашевтан: «Қорға неге жол талғамайтын көлік алу қажет болды?» деп сұрады. Заңды тұлғалар базасы деректеріне сәйкес, 2024 жылға дейін қор ешқандай қызмет жүргізбеген және қызметкерлері болмаған. Тек 2024 жылы ғана су тасқыны кезінде жиналған қаражатты басқару үшін алты бухгалтер жұмысқа алынған.
«Tucson сатып алдым, содан кейін не болды? Бізге көлік қажет болды. Мұның сізге қандай қатысы бар? Неге менен сұрайсыз? Бұл – менің жеке қорым! Бұл – депозиттен түскен өз қаражатым. Мен оны өзім таптым», – деді «Ақжайық» қорының директоры.
Оның айтуынша, демеушілік қаражат депозитке орналастырылып, осылайша қор сыйақы тапқан.