Енді барлық банктер Отбасы банк сияқты тұрғын үй депозиттерін тартуға қатыса алады

Қазақстандағы барлық банктер Отбасы банк сияқты тұрғын үй жинақ жүйесі аясында депозит тарту құқығына ие болады. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.
Оның айтуынша, коммерциялық банктерде мұндай құқық бұрыннан бар. Алайда қолданыстағы талаптарға сәйкес, олар бұл үшін жеке ипотекалық банк құруы тиіс болған.
«Жеке банк құру – шығыны көп процесс. Ол үшін қайтадан 10 млрд теңге жарғылық капитал енгізу, толық штат ұстау және ақпараттық жүйелерді қамтамасыз ету қажет», – деді Әбілқасымова.
Сондай-ақ, Әбілқасымова жаңа «Банктер және банк қызметі туралы» заң аясында коммерциялық банктерге енді жеке заңды тұлға құрмай-ақ тұрғын үй жинақ жүйесіне қатысуға мүмкіндік берілетінін айтты.
«Бұл коммерциялық банктердің де түрлі ипотекалық өнімдерді ұсынуына серпін беруі тиіс», – деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, бұл шара қазақстандықтар үшін ипотекалық несиелердің құнын төмендетуге ықпал етеді, өйткені қазіргі таңда банктердің 20-25% мөлшеріндегі мөлшерлемелері азаматтар үшін ауыр жүкке айналып отыр.
Әбілқасымова бұл бастама әлі де талқылаудан өтетінін, әсіресе мемлекеттік сыйақыға қатысты мәселе қаралатынын атап өтті. Себебі қазіргі таңда оны қаржыландыру жеткіліксіз.
Бұған дейін Мәжілісте «Банктер және банк қызметі туралы» заң жобасының таныстырылымы өткен болатын. Сол отырыста Әбілқасымова мемлекет проблемалық банктерді енді қалай құтқаратынын түсіндірді.
Заң жобасына сәйкес, төлем қабілеттілігін жоғалтқан жағдайда мемлекет көмегін тек жүйелік маңызы бар банктер ғана ала алады. Мұндай банктер уақытша мемлекет меншігіне өтеді, ал қаржылық жағдайы тұрақтандырылғаннан кейін жаңа инвесторға сатылады.
Сондай-ақ Мәдина Әбілқасымова Қазақстанда тағы екі шетелдік банктің жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтқан еді.