Банк пен қаржы

Қазақстанда тағы екі шетелдік банк ашылуы мүмкін

Екі шетелдік банк Қазақстан нарығына кіруді көздеп отыр / Фото: shutterstock

Қазақстанда тағы екі шетелдік банктің жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.

«Тағы екі (шетелдік) банк Қазақстан нарығына кіруді көздеп отыр. Соның бірі — Abu Dhabi Commercial Bank. Оның Қазақстанда исламдық қаржыландырумен айналысатын «еншілес» банкі бар. Енді бұл банк әмбебап лицензиямен жұмыс істейтін тағы бір банк ашқысы келеді», – деді Әбілқасымова.

ADCB банкі (бұрынғы Al Hilal) 2010 жылы Қазақстан мен БАӘ үкіметтері арасындағы келісім аясында құрылған. Ол Қазақстан мен ТМД-дағы шариғат принциптеріне сай өнімдер мен қызметтер ұсынатын алғашқы исламдық банк болды.

ҚНРДА  төрағасы Қазақстанда жұмыс бастағысы келетінін екінші шетелдік банкті нақты атамады.

2025 жылғы маусым айының соңында Оңтүстік Кореялық холдингке тиесілі BNK Finance Kazakhstan микрокаржылық ұйымы Қазақстанда банк лицензиясын алды. Жаңа банк BNK Commercial Bank деп аталады. Ал 12 тамызда бұрынғы МҚҰ KMF-те банк лицензиясын алып, Қазақстандағы 23-банк атанды.