Жаңалықтар

Банкоматта бөтен адамға ақша шешіп бергендер де қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін

Заңға енгізілген өзгерістер күшіне енді/коллаж kursiv.media

15 қыркүйектен бастап банк картасын басқа адамға бергендерге қылмыстық жауапкершілік көзделген. Қылмыстық кодекске жаңа 232-1-бап енгізілді. Соған сәйкес банк мәліметін, карта реквизитін үшінші тұлғаларға беру, сондай-ақ олардың мүддесі үшін ақша аударымдарын жасау қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.

Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқармасы бастығының орынбасары Бейбіт Біржановтың айтуынша, биыл шамамен мұндай әрекетке барған 6 000 адам анықталған.

Дроппер деген кім?

Дроппер – алаяқтық схемаларға делдал ретінде қатысып, ұрланған ақшаны жіберуге немесе қолма қол ақшаға айналдыруға өз банк картасын беретін адам. Адам қылмысқа әдейі ақша үшін қатысуы мүмкін, кейде алданып қалатын жағдай да болады. Дропперлер операция заңды сияқты көрінуі үшін және шынайы қылмыскер ізін жасыру мақсатында қолданылады.

Дропперлер қалай анықталып келді?

Бейбіт Біржановтың айтуынша, назар материалдық пайдаға аударылып келген. Яғни, күдікті ақша аударғаннан кейін белгілі бір пайызды өзінде қалдырса немесе өз қажетіне жаратса, оның қылмысқа қатысы бар екені дәлелденді.

15 қыркүйектен бастап қандай жауапкершілік қарастырылған?

Қылмыстық кодекстің 232-1-бабына сәйкес, банк реквизитін үшінші тұлғаларға беру немесе олардың мүддесі үшін ақша аудару қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Санкция көлеміне қарай жаза да ауырлайды. Айыппұл мөлшері 160 АЕК-тен (629 120 теңге) бастап, 50 тәулікке дейін қамауға алу немесе ең ауыр жағдайда 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Азамат алданып делдал болуы мүмкін

Банкоматтан ақша алуға келген азаматқа бейтаныс адам келіп,  ақша шешіп беруін сұрауы мүмкін. Бұл қаражаттың қайдан келгені беймәлім болғандықтан, мұндай көмек те қылмыстық жауапкершілікке алып келуі мүмкін.