
Moody’s халықаралық рейтинг агенттігі «Еуразиялық банктің`» ұзақмерзімді рейтингін сақтап қалғанымен, болжамын «Тұрақтыдан» «Негативке» өзгертті. Бұл туралы ақпарат Қазақстан қор биржасы сайтында жарияланған.
Болжам неге төмендеді?
Moody’s пікірінше, негізгі себеп екеу:
- банктің актив сапасы нашарлаған;
- бизнес-моделі мен жаңа стратегиясы айқын емес.
2024 жылдың соңында банктегі «проблемалы» кредиттердің үлесі 15,1%-ға жеткен. Бір жыл бұрын ол 10,2% ғана болатын. Яғни, қарыз алған клиенттердің көбі несиесін уақтылы қайтара алмай отыр.
Сонымен қатар «Еуразиялық банк» бұрынғыдай автонесие беруге емес, енді корпоративтік секторға, соның ішінде шағын және орта бизнеске бет бұрмақ. Moody’s бұл өзгерісті тәуекел деп санайды, өйткені жаңа бағыттың қаншалықты тиімді болары әзірге белгісіз.
Соған қарамастан, агенттік банктің негізгі рейтингтерін растады:
- депозиттік рейтинг – Ba2;
- контрагенттік тәуекел рейтингі – Ba1;
- қысқамерзімді рейтинг – NP.
Акционерлер арасындағы дау
Банк төңірегіндегі жағдайды акционерлер арасындағы қақтығыс та ушықтырып тұр. 2025 жылдың басынан бері Еуразиялық қаржы компаниясының ішінде келіспеушілік басылмай келеді.
Патох Шодиев марқұм серіктесі Әлижан Ибрагимовтың ұлы Шухратпен соттасып жатыр. Шын мәнінде дау неден шыққаны белгісіз, бірақ Bloomberg дерегінше, Шодиев компанияны сатқысы келеді, ал Ибрагимов оған қарсы.
Бұл істі Алматы соты талапкердің өтініші бойынша жабық режимде қарауға шешім қабылдады. Себебі, материалдарда коммерциялық құпия мен жарияланбауы тиіс деректер бар. Бұған дейін сот уақытша шара ретінде Еуразиялық банкке Ибрагимовтың ықпалына бағынуға тыйым салған еді.