Жаңалықтар

Алматыда электр энергиясы 20%-ға қымбаттауы мүмкін

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

1 қазаннан Алматы қаласы мен Алматы облысында электр энергиясы қымбаттауы мүмкін. Бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдау өтіп, «Алатау Жарық Компаниясы» (АЖК) жаңа баға ұсынды.

Компанияның мәліметінше, тарифтің шекті бағасы қазіргі 31,85 теңгеден 38,01 теңгеге дейін өседі. Бұл – жарық тарифі 19,3%-ға қымбаттайды деген сөз. Жаңа баға 2025 жылдың 1 қазанынан бастап күшіне енуі мүмкін.

АЖК өкілдері тарифтің көтерілуін бірнеше факторға байланыстырып отыр:

  • Өз желілері бойынша тасымал тарифі: 2025 жылғы 1 тамыздан бастап АЖК-ның электр энергиясын тарату қызметінің бағасы 12,96 теңгеден 14,25 теңгеге дейін көтерілген. Сонымен қатар 1 қазаннан бастап қосымша 13,99 теңгелік өтемдік тариф енгізілмек.
  • KEGOC тарифі: Ұлттық оператор 2025 жылғы 1 сәуірден бастап өз желілері бойынша электр энергиясын тасымалдау бағасын 3,66 теңгеден 5,41 теңгеге дейін қымбаттатқан.
  • Өндіріс шығындары: Энергияны сатып алу құнына индустриялық аймақтарға жеткізу, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерінен (ЖЭК) алынатын электр энергиясының қымбаттығы әсер етеді.

Айта кетейік, шілде айында Алматы тұрғындары үшін тариф көтерілген болатын. «Алатау Жарық Компаниясы» (АЖК) 30,5 млрд теңгеге электр желілерін жаңғыртқаны хабарланған.