Жаңалықтар

Чемпиондар Лигасы: Бүгін «Қайраттың» қарсыластары алғашқы ойындарын өткізеді

Атлетик – Арсенал, Реал Мадрид – Марсель: трансляциялары / фото: UEFA.com

Бүгін УЕФА Чемпиондар Лигасының топтық кезеңі ресми түрде басталды. Еуропаның ең мықты клубтары өзара алғашқы матчтарын өткізеді.

Кесте бойынша:

  • 21:35 – «Атлетик» – «Арсенал» матчы. Тікелей эфирді «Qazsport» арнасынан көруге болады.
  • 23:50 – «Реал Мадрид» – «Марсель» ойыны. Көрсетілім «Qazsport» арнасында.

Бұл командалар – қазақстандық «Қайраттың» қарсыластары. Жеребе қорытындысы бойынша алматылықтар топтық кезеңде Еуропаның бірнеше алпауыт клубымен кездеседі. «Қайрат» өз алаңында «Реал Мадрид», «Брюге», «Олимпиакос» және кипрлік «Пафосқа» қарсы ойнайды. Ал сырт алаңдағы матчтарда алматылықтар «Арсенал», «Интер Милан», «Спортинг Лиссабон» және «Копенгагенге» қонаққа барады.

Ел чемпионы өз жорығын 18-нен 19-ына қараған түні Португалияда бастайды. Алматы клубы Лиссабонда «Спортингке» қарсы алаңға шығады. Бұған дейін «Қайраттың» қақпасын осы ойында жас ойыншы Шерхан Қалмұрза қорғайтынын жазған едік.