
Өзбекстанның Владивостоктағы консулы жергілікті билік органдарына және Ресей Сыртқы істер министрлігіне ресми түрде жүгінді. Бұл туралы қаладағы Өзбекстанның бас консулы Юсуп Кабулжанов хабарлады.
«Біздің азаматтарымыздың атынан Владивосток қаласының ішкі істер басқармасына ресми арыз берілді. Сонымен қатар, Ресей СІМ-нің Владивостоктағы өкілдігіне және Приморье өлкесінің прокуратурасына тиісті шаралар қабылдау қажеттілігі жөнінде нота жолданды», – деді Юсуп Кабулжанов.
Gazeta.uz ақпаратына сүйенсек, әлеуметтік желілерде Ресейдің Приморье өлкесінде жастардың өзбекстандық мигранттарға шабуыл жасаған сәттері түсірілген бірнеше бейнежазба жарияланған. Өзбекстанның экология министрінің кеңесшісі, бұрынғы депутат Расул Кушербаев бұл оқиға 13 қыркүйекте болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бір видеода жастар такси жүргізушісін соққыға жығуға тырысқан.
Кушербаев мигранттар консулдыққа көмек сұрап жүгінгенімен, оларға қажетті қолдау көрсетілмегенін де атап өтті.
Наразылық нотасы – халықаралық қатынастарда қолданылатын ресми дипломатиялық құжат. Ол бір мемлекет екінші мемлекетке белгілі бір іс-әрекетіне, шешіміне немесе оқиғасына байланысты ресми түрде қарсылық, реніш немесе наразылық білдірген кезде жолданады.