
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығына бюджеттен қомақты қаражат бөлініп жатқанын айтып, салаға цифрлық технологияны тездетіп енгізуді тапсырды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Тоқаев елдегі мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы әзірленетінін, нәтижесінде саланы қаржыландыру тетіктері пайда болатынын айтқан.
«Жыл соңына дейін мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы әзірленеді. Бұл құжат ұзақ мерзімге жеңілдетілген қаражат алуға мүмкіндік береді. Біз тек жаппай цифрландыру арқылы экономиканың барлық саласында ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз ете аламыз. Мен бұл мәселеге Жолдауда жан-жақты тоқталдым. Ауыл шаруашылығына цифрлық технологияны тездетіп енгізу керек. Егін және мал шаруашылығындағы үдерістерді толық қадағалап отыру үшін цифрлық тәсілдерді қолдану қажет. Бұл жұмысты ІТ-бизнеспен бірлесе отырып атқарған жөн», – деді президент.
Сондай-ақ жауапты тұлғалардан цифрландыру мәселесіне атүсті қарамауды ескертті.
Тоқаев ауыл шаруашылығын дамытуға бюджеттен қомақты қаражат бөлінгенін, мемлекеттің диқандарға барынша қолдау көрсетіліп жатқанын атап өткен.
«Істеліп жатқан әрбір жұмыстың, әрбір шараның нақты нәтижесі болуға тиіс. Бір сөзбен, ауыл шаруашылығына оң ықпал етуі керек. Мемлекет адал жұмыс істейтін диқандарға әрдайым қолдау көрсетеді. Ауыл шаруашылығының жай-күйі менің ерекше бақылауымда, бұл салаға баса мән беремін. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді біздің халқымыз. Сондықтан бірлесе отырып, осы маңызды науқанды уақытында және табысты аяқтаймыз деп сенемін», – деді Тоқаев.
Еске сала кетсек, президент жұмыс сапарымен Ақмола облысына барып, диқандармен кездесті. Кездесу барысында Қазақстанның астық бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгенін айтып, елде 2024 жылы 8 трлн 250 млрд теңгенің ауылшаруашылық өнімі өндірілгенін айтты.