Жаңалықтар

Қазақстанда 2024 жылы 8,2 трлн теңгенің ауылшаруашылық өнімі өндірілген

Қазақстанда 2024 жылы 8 трлн 250 млрд теңгенің өнімі өндірілген / Фото: Ақорда

Қазақстанда 2024 жылы 8 трлн 250 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бұл туралы Ақмола облысына жұмыс сапарымен барған президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Ақмола облысындағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жетекшілерімен кездескен президент, биыл ауа райының қолайлы болуына және үкімет тарапынан көрсетілген қолдауларға байланысты астық мол түсетініне сенім білдірген.

«Биыл ауа райы қолайлы. Үкімет қолдау көрсетіп отыр. Жанар-жағармаймен қамтамасыз етіп, алдын ала жеңілдетілген несие беруде. Астық түсімі жақсы болады деп ойлаймыз. Баршаңызға табыс тілеймін. Жолдауда атап өткенімдей, басты міндет – ауыл шаруашылығында терең өңдеу өндірісін дамыту. Былтыр ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі 8 триллион 250 миллиард теңгені құрады. Бұл көп те, аз да емес», – деді президент.

Тоқаев экономикадағы ауыл шаруашылығының үлесін арттыру мәселесін көтеріп, Қазақстан үшін ауыл шаруашылығының табысты сала екенін атап өткен.

Президент тапсырмасы

Сонымен бірге президент Ақмола облысының Зеренді ауданының диқандарымен кездесіп, егіс алқабындағы жұмыстарды уақтылы аяқтап, астықты дер кезінде жинап алуды тапсырған.

«Астық жинау науқанын ойдағыдай жүзеге асырсақ, экспорттық әлеуетіміз де мықты болмақ, яғни шетелге мол өнім шығара аламыз. Былтыр елімізде ауыл шаруашылығы саласы үшін табысты жыл болды. Шаруалар табанды еңбек етіп, астық жинаудан рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Осының бәрі агротехнологияны дұрыс қолданудың нәтижесі деуге болады. Соның арқасында ауыл шаруашылығы бойынша өнім көлемінің өсімі басқа салаларға қарағанда анағұрлым артық болды. Биылғы 8 айда атқарылған жұмыстардың нәтижесі жаман емес. Өндірістің технологиялық әлеуетін арттыру үшін қолға алынған шаралар тиімділігін көрсетіп жатыр», – деді Тоқаев.

Еске сала кетсек, президент жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды. Онда шаруалырмен кездесіп, егін жинау науқанымен танысты.