Ең жеңіл жаза 8 млн теңге айыппұл: елде қыз алып қашуға тыйым салатын заң күшіне енді

Қыз алып қашуға тыйым салуды көздейтін заң бүгіннен бастап күшіне енді. Атап айтқанда, енді Қазақстанда некеге мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
«Кейбір заңнамалық актілерге Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң бүгіннен яғни 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап күшіне енеді.
Нақты айтқанда, заңға өзгеріс енгізіліп, 125-1 бабына Некеге тұруға мәжбүрлеуге қатысты норма енгізілген. Оған сәйкес, қызды алып қашып кетіп, некеге күштеп мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Ескі заңнамада біреуді ұрлап әкетіп, артынша өз еркімен жібергендер үшін ешқандай жауапкершілік қарастырылмайтын. Енді бұл бап алынып тасталды.
Некеге тұруға мәжбүрлеу
Заңның 125-1 бабында адамды күш қолдану не мүлікті жою немесе бүлдіру қатерін төндіріп, сол сияқты бопсалау жолымен, оның ішінде жәбiрленушiнi немесе оның жақындарын масқаралайтын мәлiметтердiң жариялануы немесе таратылуы жәбiрленушiнiң немесе оның жақындарының мүдделерiне елеулі зиян келтiруi мүмкiн өзге де мәлiметтердi жариялау немесе тарату қатерін төндіріп некеге тұруға мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны жазылған.
Мұндай қылмыс жасаған азаматтарға 2 мың АЕК (7 864 000 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Егер айыппұлға көнбесе, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жегіледі немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеледі. Сондай-ақ сот шешімімен 2 жыл мерзімге толық бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ал егер қызды алып қашып кетіп, некеге мәжбүрлеу кезінде:
- күш қолданса;
- бұл әрекет көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалса;
- бұл әрекетті жәбірленушінің материалдық немесе өзге де тәуелділігін пайдаланып жүзеге асырса;
- адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен жасаған жағдайда;
- өз қызмет бабын пайдаланып жасалса, жаза ауырлайды.
Мұндайда 5 мың АЕК (19 660 000 теңге) айыппұл салынып, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жегіледі. Сондай-ақ бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін. Сот шешімімен жазаның ауырлығына қарай үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеліп, не болмаса, сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылуы мүмкін.
Заң қалай енгізілді?
Заңға өзгерістер Мәжіліс депутаттарының бастамасымен енгізілді. Депутат Абзал Құспан қазақтың қыз алып қашу туралы салтына толықтай тыйым салынбайтынын, тек мәжбүрлі түрде қыз алып қашқан жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын айтты. Яғни заңда көрсетілгендей, алып қашу кезінде қызға зиян тимесе, жеңіл жаза – айыппұлмен құтылады. Ал егер бұл қылмысты топ болып жасаса және соңы ауыр зардаптарға әкелсе, қатаң жазаланады.
Депутаттар ұсынған бастама қолдау тауып, 2025 жылдың 16 шілдесі күні президент заңға қол қойды.