Берденов Головкинге алғыс айтты

Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Берденов Геннадий Головкинге алғыс айтып, «жауапкершіліктің чемпионы» деп атады.
Руслан Берденовтің пікірінше, Ливерпульдегі World Boxing аясында өткен тұңғыш әлем чемпионаты еліміздің рухын көтерді. Қазақ боксы тарихындағы жаңа қақпа болған.
«Осы тұста көппен бірге ойымды ортаға сала кетсем, бұл жеңіс тек медальдар санымен емес, жүйе құрудың мәдениетімен де өлшенеді. Ал жүйе құруға бірден-бір сеп болған жігіттердің алдында ҰОК президенті, World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин тұрғанын мойындауымыз керек. Өзі болса осы жеңісті сәтті «тарихи оқиға» деп бағалап, әрбір жігітпен мақтанатынын айтты. Бұл – спортшының ғана емес, көшбасшының сөзі», – деді Берденов.
Ол Геннадий Головкин жайлы бір ақиқат бар екенін жеткізді. Бұрынғы орынбасардың айтуынша, ол жеңіл өмірді таңдамады. АҚШ-тағы жайлы тұрмысты ысыра тұрып, ел спортының ауыр жүгін өз мойнына алған. Бір тиын жалақысыз қазақ спортының ілгерілеуіне аянбай қызмет етіп жүр.
«Ол қызметіндегі алғашқы күннен-ақ әр спортшымен жеке-жеке сөйлесіп, алдымен рингтегі емес, өмірдегі тактиканы түсіндірді, әр спортшыға сенім сыйлап, биік межені мақсат етіп қойды. Ринг – оның мекені болса, тәртіп пен жүйе – әдісі», – деді Руслан Берденов.
Сонымен қатар ол бұл нәтиженің Қазақстан бокс федерациясының басшысы Шаһмұрат Мүтәліп жетекшілік ететін ұжымның еңбегінсіз мүмкін болмасын айтты. Дайындық логистикасынан бастап, бапкерлер жұмысы, медицина, талдау, тәртіп – бәрі-бәрі бір механизмдей үйлестірілген.
«Міне, осылайша біз бүгін тек жекпе-жекті емес, жаңа кезеңді ұттық. Головкин – тек атақ-даңқтың емес, жауапкершіліктің де чемпионы», – деді Руслан Берденов.
Мұның алдында әлеуметтік желіде Руслан Берденовтің Қытайда жүрген фотосы тараған еді.