Жаңалықтар

БҰҰ комиссиясы Израильдің Газадағы әрекетін «геноцид» деп бағалады

Газа секторы
Газа секторы / Фото: Reuters

БҰҰ-ның оккупацияланған Палестина аумағын зерттейтін халықаралық тәуелсіз комиссиясы Израиль әрекетін «геноцид» деп бағалады. Бұл туралы ұйымның сайтында жазылған.

«Геноцид қылмысының алдын алу туралы конвенцияда көрсетілген критерийлерге сәйкес әрекеттер арқылы Газа палестиндіктерін жоюға ниет бар екені анық», – деді комиссия төрайымы Нави Пиллэй.

Женевада өткен баспасөз мәслихатында комиссия мүшелері 2023 жылдан бастап Израильдің Газадағы әрекетіне қатысты 72 беттік зерттеу жариялады. Ұйым өкілдерді Израиль әскері екі жыл ішінде 1948 жылғы конвенцияда анықталған геноцидтің бес актісінің төртеуін жасаған деген пікір білдірді. Атап өту керек, комиссия мүшелері – толыққанды БҰҰ қызметкерлері емес, Адам құқықтары жөніндегі кеңестің 47 мүше мемлекеті тағайындайтын тұлғалар.

Комиссия Израиль әскері Газа секторында өлтіру, елеулі физикалық немесе психикалық зиян келтіру, палестиндіктерді жоюға есептелген өмір сүру жағдайларын әдейі жасау және туу деңгейін болдырмауға дейін шаралар жасады деп айыптады.

«Өтірік баяндама»

Өз кезегінде Израиль СІМ-і бұл айыптауларды жоққа шығарды. Ведомство комиссия мүшелерінің баяндамасы шындыққа сәйкес келмейді деп мәлімдеді.

«Өтірік және бұрмаланған баяндаманы толық жоққа шығарамыз», – деді СІМ өкілі Associated Press басылымына.

2023 жылғы 7 қазанда палестиналық әскери ұйым ХАМАС Израильге шабуыл жасады. Шабуыл салдарынан 1,2 мыңнан астам адам қаза тауып, тағы 240 адам тұтқынға алынды. Бұған жауап ретінде Израиль Қорғаныс армиясы Газадағы ХАМАС-қа қарсы әскери операция бастады.

Соңғы мәлімет бойынша, Израиль әскері Газа секторының 40 пайызын бақылауға алған.