Жаңалықтар

Тоқаев Көкшетаудағы Шахмат үйін аралады

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Көкшетау қаласындағы Шахмат үйін аралап көрді. Бұл туралы Ақордадан хабарлады.

Қопа көлінің жағасында орналасқан ғимарат бұрын президент резиденциясы болған. Кейін ол балалар игілігіне беріліп, былтыр желтоқсан айында Шахмат үйі ретінде есігін ашты.

Бүгінде арнаулы орталықта оқу-жаттығу жиындары, гроссмейстерлердің шеберлік сағаттары ұйымдастырылып тұрады. Спортшылар бәсекелер алдында осы жерде дайындығын пысықтайды.

Фото: Ақорда

Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловтың айтуынша, кешенде спортшылардың өз шеберлігін алаңсыз шыңдауына қолайлы жағдай жасалған. Соңғы жылдары шахмат «медаль көп әкелетін» спорт түріне айналды. Былтыр отандық спортшылар халықаралық жарыстардан 160 медаль жеңіп алған .

Қасым-Жомарт Тоқаев жас спортшылармен және ұлттық құрама мүшелерімен әңгімелесу барысында мемлекет шахматты дамытуға, сондай-ақ балалар мен жастар арасында насихаттауға ерекше мән беретінін атап өтті. Президент аталған ойын стратегиялық тұрғыдан ойлауға машықтандыратынын, тәртіпті күшейтіп, төзімділік пен жауапкершілікке үйрететінін айтты.