
Ақсу ферроқорытпа зауытында өндіріске ЖИ енгізу бойынша ауқымды жоба басталды. Пилоттық режимдегі бастама №64 кен термиялық пештің негізінде іске асырылып жатыр деп хабарлайды зауытты иеленетін «Қазхром» компаниясынан.
Соңғы үш айда зауыттағы өндірістік деректері жиналып, Big Data талдауы жасалды. Сарапшылардың айтуынша, алынған мәліметтер негізінде ЖИ-дің ұсыныстық моделін құруға үлкен мүмкіндік бар.
Технологиялық процесті басқару үшін 10 түрлі ЖИ-модуль енгізу жоспарланып отыр. Мәселен, электродтардың сынуын болжайтын модульдің өзі жабдықтың босқа тұрып қалуын айтарлықтай азайтып, шығындарды төмендетеді.
№64 пештің жұмысын басқарып, бақылау үшін де цифрлық модульдер әзірленеді. Егер жоба оң нәтиже берсе, тәжірибе басқа пештерде де қолданылмақ.
«Бүгінгі таңда тау-кен металлургия кешенінде ЖИ енгізу – жай ғана тренд емес, бұл бәсекеге қабілеттілік пен өндірістік қауіпсіздіктің негізгі шарты. Әлемдік және қазақстандық үздік тәжірибелер пилоттық жобалардан тұрақты өндірістік нәтижеге қарай ойысып жатыр», – деді ERG Ғылыми-зерттеу инжиниринг орталығының (ҒЗИО) жобалық жетекшісі Руслан Ескендиров.
Жыл басында ERG құрамында ҒЗИО, BTS (ERG-дің ІТ еншілес компаниясы), «Қазхром» және металлургия департаментінің мамандарынан құралған бірлескен команда жасақталды. Осы уақыт ішінде олар қолданыстағы жүйелерден деректерді дайындап, талдап шықты. Big Data талдауы көрсеткендей, қазіргі бар технологиялық деректер ЖИ-модульдер құруға жеткілікті.
8 қыркүйекте халыққа арнаған жолдауында Тоқаев алдағы үш жылда цифрлы елге айналу керек деген тапсырма қойған еді. Осыдан кейін республикадағы барлық салаға жаппай ЖИ стандарттары енгізіле бастады.