Жаңалықтар

Сталкинг жасағандар 50 күнге қамалып, 800 мың теңгеге дейін айыппұл арқалайды

Сталкерлерге жаза күшейеді /Фото: shutterstock

Қазақстанда сталкингке қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұдан былай адамның жеке шекарасын бұзып, еркінен тыс оның ізіне түскендерге жаза күшейе түспек.

«Жақында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң азаматтардың құқықтарын қорғау саласында маңызды қадам болды», – деп хабарлады Polisia.kz.

Сталкинг – адамның психологиялық жағдайына айтарлықтай зиян келтіретін, бірақ зорлық-зомбылық қолданбайтын тұрақты түрде қудалау және бақылау әрекеттерін білдіреді. Мұндай әрекеттерге адамның жеке шекарасын бұзу, еркінен тыс оны аңду, қайта-қайта телефон шалу немесе интернет арқылы бақылаумен қорқыныш немесе уайымға салу жатады.

Сталкерлер қанша айыппұл арқалайды

Енді сталкинг жасағандар 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейді, сондай-ақ 200 сағатқа дейін қоғамдық немесе түзеу жұмыстарына тартылады немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған.

Осыған дейін Бас прокуратура сталкингті қалай танып, қайда жүгінуге болатынын түсіндірген болатын.

Айта кетейік кісі қолынан қаза тапқан әйелдердің 76%-ы сталкинг құрбаны.