Жаңалықтар

Шымкентте қой және сиыр еті неге арзандады?

Шымкентте қой және сиыр еті неге арзандады?/Фото: Дилара Иса

Шымкенттегі базарларда сиыр етінің аз да болса арзандағаны байқалды. Десе де тұрғындар мұның өзі қалтаға салмақ деп отыр. Саудагерлер ет бағасының төмендеуін Өзбекстанға ет экспортының уақытша тоқтағанымен байланыстырады.

Ет бағасының арзандауына не себеп болған

Шымкентте сиыр еті 200 теңге, қой еті 100 теңге шамасында арзандады. Мысалы, дәл қазір қой етінің келісі орташа есеппен 3800 теңге, сүйегі бар сиыр еті 4200 теңге, ал сиырдың тұтас еті 5 мың теңге көлемінде сатылып жатыр. Сатушылардың сөзінше, бұл Өзбекстанға ет экспортының уақытша тоқтатуымен байланысты. Олар шекара қайта ашылса, баға қайта көтерілуі әбден мүмкін екенін айтады.

25 жылдан бері қой етін сатумен айналысатын Ғазиза Айдарбекованың айтуынша, қаңтар айының басында қой етінің келісі 2500 теңгеден сатылған. Көп өтпей еттің бағасы шарықтап кеткен. Қазір 100 теңгеге арзандап, 3800 теңгеге түскен. Ол бұлай еттің қымбаттауын бұрын-соңды көрмеген.

«Қой етінің бағасы аса төмендеген жоқ. Шамалы ғана, 50-100 теңге шамасында түсті. Негізі еттің бағасы удай. Жақында Ташкентке бардым. Ол жақта еттің келісі біздің ақшамен есептегенде 7 мың теңге болып тұр. Өзбекстанның қасапшылары Қазақстаннан еттің келісін 4 мың теңгеден сатып алып жатты. Соның кесірінен ет қымбаттады. Бұл бәріне қиынға түсіп тұр. Ет алушылар азайды. Қараңызшы базарда ешкім қалмады» дейді сатушы.

Ал сиыр етін сатып тұрған Жанмұрат Мұсаевтың айтуынша, шекарадан ет өткізудің уақытша тоқтатағанына екі аптаға жуықтаған. Содан сиыр етінің бағасы 200 теңгеге түсіп, 4200 теңгеге арзандаған.

«Ет экспорты тоқтаса бұдан кейін де баға төмендеуі мүмкін. Соның өзінде сиыр етін алушылар азайған. Базарға келгендер 10 келінің орнына 5 келі алып жатыр. Оның үстіне жылқы еті салыстырмалы түрде арзан. Қазір жілік маусымы басталды. Ал жіліктеп алғанда жылқы етінің бағасы 2700-3000 теңгеден аспайды» дейді ол.

Ет сатып алушылар да азайған

Саудагерлердің сөзінше, қой мен сиыр етінің бағасы жыл басынан бері екі есе өскен. Еттің күрт қымбаттауы тұрғындардың қалтасына салмақ болып тұр. Дәмхана, мейрамханалардың өзі ет алуды азайтқан.

«Сиыр етінің жұмсақ еті 5000 мың теңге деп тұр. Мысалы, мен зейнеткермін. Зейнетақымның жартысы етке кетеді»,  – дейді базардан ет сатып алған зейнеткер. Оның сөзін екінші тұрғын жалғады.

«Былтыр осы уақытта келісі 2000-2500 көлемінде болған ет 100 пайыздан астамға көтеріліп отыр. 8 келі сиыр етін сатып алдым. Есебіне жете беріңіз, 40 мың теңгеден асып кетті. Мұның өзі жақсы тенденция емес», – деді ол.

Шілде айының ортасында Шымкентте сиыр етінің бағасы 20%-ға өсіп, 5 мың теңгеге жеткен. Мұны сатушылар жем-шөптің қымбаттауы мен еттің шетелге, әсіресе Өзбекстанға экспортталуынан көрген. Сол кезде сарапшылар жем-шөптің тапшылығынан күзде ет бағасы бұдан да өсуі мүмкін деген.

Ресми мәлімет бойынша, Шымкент қаласына еттің негізгі бөлігі Түркістан облысынан, оның ішінде Қарабұлақ елдімекеніндегі мал сою алаңдарынан жеткізіледі. Онда сиыр етінің көтерме бағасы 3 500–3 600 теңге көлемінде. Ал қалалық сауда орындарында бөлшек сауда бағасы 3 800–4 000 теңге шамасында. Қала әкімдігі жұмсақ етті емес, сиыр етінің сүйекті жауырын-төс бөлігін бақылай алады. Ал оның келісі әлеуметтік сауда орындарында 3 мың теңгеге жетпейді деп сендіреді.