Жарыс кезінде жарақат алған жасөспірім ауруханада қайтыс болды

Жарыс кезінде мойын омыртқасын сындырып алған 15 жастағы жасөспірім қайтыс болды. Қазақ күресінен турнир Ақмола облысында 7 қыркүйекте өткен.
50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қатысқан жасөспірім Ақтөбе облысынан келген.
7 қыркүйекте жасөспірім Ақмола облысынан санитарлық авиация арқылы Астанадағы №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына шұғыл жеткізілген.
Ауруханаға түскен сәтінде жағдайы өте ауыр болғандықтан, бірден реанимация және қарқынды терапия бөліміне жатқызылған.
«Барлық қажетті жедел жәрдем және емдеу шаралары жасалды, республикалық деңгейдегі мамандардың қатысуымен бірнеше мәрте консилиумдар өткізілді. Алайда дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, баланың жағдайы нашарлай берді. 2025 жылғы 15 қыркүйекте жасөспірім қайтыс болды», – деп хабарлады Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Ақмола облысы полиция департаменті бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.