
Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 8 съезі басталды. Жиын «Діндер диалогы: болашаққа синергия» тақырыбында өтіп жатыр.
Жиынға қатысуға келген теолог Кеңшілік Тышқанұлы дін саласында жасанды интеллектіні қосымша құрал ретінде пайдаланған жөн деп санайды. Маманның айтуынша, технология дәуірінде жасанды интеллектіні айналып өту мүмкін емес.
«Адамзаттық, адамгершілік, рухани тұрғыдан мұны адамзат игілігіне қаншалықты пайдалана аламыз деген мәселені шешуге болады. Техника көмегімен біраз нәрсені істеуге болады, бірақ көңіл деген нәрсені жасау қиын. Жасанды интеллектіні қолданатын адамдық шеңбер мен шекарасы бар.
Қай жерде қалай қолданамыз? Теріс қолданған жағдайда діни тұрғыдан жауапкершілік қандай болады? Қандай кері ықпалы бар деген мәселені де қатар алып жүрген дұрыс. Дүниенің жақсы да, жаман да қыры бар. Оны діни тұрғыдан ажыратып алуымыз керек. Адамдар жасанды интеллектіден пәтуа сұрап, діни сұрақ қойып, солардың айтқанымен жүруге қадам басуы мүмкін. Ол көптеген теріс салдарға әкеп соғуы ықтимал», – дейді теолог.
Сондай-ақ Кеңшілік Тышқанұлы жиында әлемдік деңгейде үндеулер жасалады деп санайды.