Жаңалықтар

Импортқа тәуелділік артып барады: Ресейден келетін электр энергиясы күрт өсті

Электр энергетикасы
Фото: kursiv.media, бильж-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылғы шілде айында Қазақстан шетелден жалпы құны 56,8 млн доллар болатын электр энергиясын сатып алды. Бұл маусым айымен салыстырғанда 98%-ға, ал өткен жылдың шілдесімен салыстырғанда 74%-ға көп. Мұндай ақпаратты Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйене отырып, Бірінші несие бюросы хабарлайды.

Импортталған энергия көлемі де артты: бір айда импорт 102%-ға, бір жылда 59%-ға өсті. Шілдеде елге жеткізілген электр энергиясының көлемі 782,4 млн кВт/сағ құраған.

Жеті айда Қазақстан жалпы 2,3 млрд кВт/сағ электр энергиясын импорттады. Оның құны 169,2 млн долларды құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көлем 7%-ға, ал құны 24%-ға артып, соңғы 11 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті.

Шілдеде ішкі сұраныс та ұлғайды. Ел ішінде сатылған электр энергиясы 10,1 млрд кВт/сағ болып, өткен жылғы көрсеткіштен 8%-ға жоғарылады. Ал өндіріс көлемі небәрі 3%-ға өсіп, 9,4 млрд кВт/сағ құрады.

Қазақстанға электр энергиясын негізінен Ресей жеткізеді. Шілде айында бұл елдің үлесіне импорт көлемінің 86%-ы (674,1 млн кВт/сағ) және құнының 96%-ы (54,8 млн доллар) тиді. Электр энергиясы көбіне таңертең және кешке, тұтыну шарықтаған кезде сатып алынады.

Ақпан айындағы ресми болжам бойынша, 2025 жылы Ресейден әкелінетін электр энергиясының көлемі 2 млрд кВт/сағаттан аспауы тиіс еді. Алайда қаңтар-шілде аралығында бұл көрсеткіш дәл осы деңгейге жетті. Жоспарға сәйкес, 2027 жылға қарай Қазақстан сырттан электр энергиясын сатып алуды тоқтатуы керек.