
Қазақстанда жеке кәсіпкерлер үшін несие рәсімдеу тәртібі жеңілдетілді. Енді бизнес мақсатында қарыз рәсімдегенде жұбайының келісімін алу міндетті емес. Мұндай шешімді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдады.
Еске салсақ, 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бері егер азаматтар кепілсіз несие алса, міндетті түрде жұбайының келісімі талап етілетін. Бұл талап:
- жеке тұлғаларға – 1 мың айлық есептік көрсеткіштен (2025 жылы шамамен 3,9 млн теңге) асатын қарыз алғанда,
- жеке кәсіпкерлерге – 2,7 мың АЕК-тен (2025 жылы шамамен 10,6 млн теңге) жоғары несие рәсімдегенде қолданылатын.
Бұл ретте қолданыстағы кредит пен микрокредитті қайта қаржыландыру мақсатындағы қарыз беру кезінде келісім де талап етілмейтін.
1 тамыздағы дерек бойынша ел экономикасына берілген кредит көлемі 46,7 трлн теңгеге жетті. Соның ішінде кәсіпкерлік мақсатта алынған қарыз көлемі 21,8 трлн теңгені құрайды.