Жоғары технологиялық жобаларға Ұлттық қор активтері инвестицияланады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 8 қыркүйектегі жолдауында жоғары технологиялық жобаларды дамытуды тапсырды. Ертесі күні өткен Үкімет отырысында ҚР премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «экономиканың жоғары технологиялық салаларын дамытуға Ұлттық қордан ақша алынады» деп мәлімдеді. Сонымен қатар екінші деңгейлі банктердің де қаражаты тартылмақ
Осы ретте Kursiv.Media Ұлттық банкке ресми сауал жолдап, бұл бағдарламаға Ұлттық қордан қанша қаржы бөлінетінін сұрады. Мекеме берген жауапта Ұлттық банк пен Үкімет бірлесіп ашық инвестициялық әріптестік бағдарламасын әзірлеп жатқаны жазылған. Бағдарламаның операторы Ұлттық банктің еншілес компаниясы – «Ұлттық инвестициялық корпорация» АҚ болмақ.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауына сәйкес, Ұлттық Банк Ұлттық қор активтерін экономикаға инвестициялау және өсудің жаңа нүктелерін құру бойынша ашық инвестициялық әріптестік бағдарламасын әзірлеуде», – делінген банктерің ресми жауабында.
Ұлттық банк жауабында бағдарламаға қажет қаржы Ұлттық қордан тікелей алынбайтыны, жобаларға қор ақшасы инвестицияланатыны жазылған.
«Кепілдік және нысаналы трансферттер Ұлттық қордан алынатыны және республикалық бюджетке жіберілетінін атап өту қажет. Ал ашық инвестициялық әріптестік бағдарламасы Ұлттық қордың активтерін инвестициялауды көздейді», – дейді
Бастапқы кезеңде бағдарламаны іске асыру Ұлттық қор қаражаты есебінен қаржыландырылады. Бұл салаға жалпы 1 млрд доллар қаржы құю жоспарланып отыр. Ал бағдарламаның егжей-тегжейі бекітілгеннен кейін белгілі болатынына назар аударған.