Dreame алғашқы көлігін таныстырды

Жарияланды
Тұрмыстық техника өндірушісі көлік нарығына шықты / Фото: Dreame

Қытай әлемді күтпеген трансформацияларымен әлі де таңғалдыруда. Кеше ғана тұрмыстық техника өндірушісі ретінде белгілі болған компания бүгін автомобиль нарығына қадам басты. Бұл жолы сөз роботты және тік пішінді шаңсорғыштарымен танымал Dreame Technology жайлы болып отыр. Компания өзінің алғашқы электрокарын ресми түрде таныстырды.

Шаңсорғыштан автомобильге дейін: қытайлық корпорациялар логикасы

Қытайда тұрмыстық немесе цифрлық техника шығаратын брендтердің автомобиль саласына өтуі қазір таңғаларлық жайт емес. Бұған дейін смартфондарымен танымал Xiaomi 2024 жылы өзінің алғашқы SU7 электрокарын таныстырған болатын. Енді бұл бағытқа Dreame де қосылды.

Мұның себебі түсінікті: тұрмыстық техника нарығында қатаң бәсеке бар, ал электромобильдер – болашақтың стратегиялық бағыты.

Dreame электромобилінің ерекшелігі

Ресми сипаттамалар әзірге құпия сақталуда, бірақ белгілі болғаны – бұл «ақылды» технологияларға негізделген заманауи электрокар. Компания өзінің мотор жасау тәжірибесін және жасанды интеллекті пайдалану мүмкіндігін жаңа жобаға енгізбек. Бұған дейін шаңсорғыштарда энергия үнемдейтін қозғалтқыштар мен смарт-жүйелерді дамытқан Dreame енді соны автомобиль саласында қолдануды көздеп отыр. Алғашқы модель қала ішінде пайдалануға арналған қолжетімді әрі технологиялық электрокар ретінде ұсынылады деп күтілуде. Ол BYD мен XPeng секілді нарық көшбасшыларымен бәсекеге түсуі ықтимал.

Қытайдағы «бәрі автоөндірушіге айналуда» стратегиясы

Dreame жағдайы – Қытайдағы үлкен үрдістің бір бөлігі. Елде жүздеген технологиялық компаниялар жаңа автокөлік жобаларын іске асыруда. Олардың қатарында IT-гиганттар да, дрон өндірушілер де, ас үй техникасын шығаратын зауыттар да бар. Мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар мен ішкі нарықтағы сұраныстың жоғары болуы бұл бағыттың дамуына түрткі болуда.

Тәуекелдер мен мүмкіндіктер

Дегенмен сарапшылар автомобиль жасау саласына кіру оңай болғанымен, бұл табандылықты қажет ететін, орнығу қиын сала екенін ескертеді. Көлік жасау өндірісіне миллиардтаған инвестиция қажет, әрі ауқымды тәжірибені талап етеді. Жаңа ойыншылардың көбі артық өндіріске байланысты алғашқы дағдарыстан шыға алмай қалуы мүмкін.

Бұл ретте Dreame әзірге Xiaomi секілді кең ауқымды жоспарларын жариялаған жоқ. Компания алдымен нарықтағы қызығушылықты сынап көрмек.

Бұл нарық үшін қаншалықты маңызыды?

Егер Dreame жобасы жүзеге асса, бұл дәстүрлі салалардың арасындағы шекаралардың жойылып келе жатқанын тағы бір дәлелдейді. Бүгін – тұрмыстық техника өндірушісі, ертең – автоконцерн. Қытай көрсетіп отырғандай, болашақ өзгерістерге тез бейімделіп, жаңа салаларға батыл қадам жасай алатын компанияларға тиесілі.

Еске сала кетсек, бұған дейін Еуропалық одақ нарығында қолданылған Қытай электрокарларының бағасы күрт құлдырап кеткенін жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз