«Арсеналдың» экс-ойыншысы «Қайраттың» жеңіске жете алатынына сенімді

Танымал ресейлік футболшы, «Қайраттың» бұрынғы шабуылшысы Андрей Аршавин алматылық клубтың УЕФА Чемпиондар лигасындағы мүмкіндіктері туралы пікір білдірді.
Аршавиннің айтуынша, «Қайрат» ойыншыларына артық кеңес берудің қажеті жоқ.
«Жігіттер алаңға шығып, ойынын көрсетеді. Бұл команда, менің ойымша, қазірдің өзінде ерлік жасады. Мұндай ойындар әрбір футболшы үшін үлкен мереке. Сондықтан тек ойнап, футболдан ләззат алу керек», – деді Аршавин.
44 жастағы экс-футболшы алматылық клубтың жалпы кезеңде ойдағыдай өнер көрсетуге қауқары жетеді деп есептейді. Оның ойынша, «Қайрат» Кипрдің «Пафосына», Грекияның «Олимпиакосына», Данияның «Копенгагеніне» және Бельгияның «Брюггесіне» қарсы матчтарда 6 немесе одан да көп ұпай жинай алады.
«Егер «Қайрат» осы топта 6 ұпайдан артық еншілесе, бұл өте керемет нәтиже болады», – деп қосты Аршавин.
Сондай-ақ «Арсеналдың» бұрынғы ойыншысы «Қайраттың» Алматыда өтетін алғашқы тарихи ойынында «Реалға» қарсы сенсация жасауға мүмкіндігі бар екенін айтты.
«Ойындар көрсеткендей, «Қайрат» «Селтиктен» екі рет ұтылған жоқ. Ендеше Алматыда да күтпеген нәтиже көрсетуге болады. «Реалдың» барлық жұлдыздары бұл сапарға келмеуі мүмкін. Оның үстіне, тау климаты, жанкүйерлердің қолдауы бар. Бұл – Чемпиондар лигасында өз алаңындағы алғашқы ойыны. Неге сенсация жасамасқа?! «Қайрат» бір ертегіні жазды, енді неге оны жалғастырмасқа?» – деді ол.
Еске сала кетейік, 30 қыркүйек күні Алматыға «Реал Мадрид» сапында Мбаппе, Беллингем мен Арда Гюлер сияқты футбол жұлдыздары келеді. Аталмыш ойынға билеттер 23 қыркүйек күні сатылымға шығады.