АҚШ пен Ресей жүргізушілерін алдау схемасын алаяқтар Қазақстанда да пайдалануы мүмкін

АҚШ пен Ресей жүргізушілерін алдаумен айналысқан алаяқтар өз схемасын қазақстандық автокөлік иелерін алдау үшін де пайдалану мүмкін. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлап, алаяқтардан сақтануға шақырды.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің хабарлауынша, АҚШ пен Ресейдің көлік жүргізушілеріне әлеуметтік желіде жаппай жалған хабарламалар жіберіліп, фишингтік шабуыл жасала бастаған.
Қаскүнемдер «Жол қозғалысы ережелерін бұзды» деген желеумен екі елдің азаматтарына электрондық пошта мен мессенджерлерге жаппай хабарламалар жібере бастаған. Онда жүргізушінің көлік нөмірі көрсетіледі сонымен бірге айыппұлды төлеуге бағыттайтын сілтеме жіберіледі. Бас прокуратура мұндай сипаттағы хабарламаларға сенбеуге шақырады және сілтемеге өтпеуді сұрайды.
«Шын мәнінде, бұл фишингтік шабуыл. Банк картасының деректерін енгізген кезде сіздің шотыңызға толық қол жеткізіледі және барлық қаражатты ұрлау мүмкіндігі туындайды. Жекелеген жағдайларда сілтемеде құрылғыдан жеке деректерді ұрлауға арналған вирусты қамтиды. Бүгінгі күні, шабуылдар Ресей мен АҚШ-та тіркелген, сондықтан мұндай схеманың Қазақстанда таралу қаупі бар», – деп ескертеді прокуратура.
Прокуратура әкімшілік айыппұл салу туралы ресми хабарлама тек 1414 қысқа нөмірінен келетінін ескертеді. Сондай-ақ мұндай хабарламаларда сілтеме болмайтынын біле жүрген абзал. Ал айыппұл туралы ақпарат тек egov.kz порталында орналастырылып, банктердің мобильді қосымшаларына жіберіледі.
«Егер сіз 1414 нөмірінен айыппұл туралы хабарлама алсаңыз және онда төлем сілтемесі болса – ол бойынша өтпеңіз! Бұл алдау! Мұндай хабарламаларды алаяқтар жібереді!» – деп ескерте прокуратура.
Алаяқтардан сақтану үшін мынадай қадамдарды орындаған абзал:
- сілтемелер арқылы өтпеңіз және күмән тудыратын хаттардың тіркемелерін ашпаңыз;
- айыппұлдар туралы ақпаратты тек egov.kz, qamqor.gov.kz ресми ресурстарында және банктердің мобильді қосымшаларында қайта тексеріңіз.
- Егер сіз сілтеме арқылы өтіп, деректерді енгізіп қойсаңыз:
- банк картасын шұғыл бұғаттау керек;
- ықтимал алаяқтық фактісі туралы банкке және полицияға 102 телефоны арқылы хабарлаған жөн;
- телефонды вирустарға тексеру қажет.
Еске сала кетсек, алаяқтар 9 ай ішінде қазақстандықтарды 34 млрд теңгеге алдаған. Бұл туралы Kursiv.Media тілшісіне ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқармасы бастығының орынбасары Бейбіт Біржанов айтқан болатын.