
Зейнетақы қорынының қаражатын тіс емдеу үшін пайдалануға беру тәжірибесі толығымен тоқтайды. Денсаулық сақтау министрлігінің нақты шешім қабылдағанын және заңсыз қаражатты шығаруға қатысы бар субъектілерге қатысты тергеу жүргізілетінін Мәжіліс клуарында Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов айтты.
«Өздеріңіз білесіздер 247 млрд теңгеден аса қаражат заңсыз шығарылған. Сондықтан тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Бұл процеске қатысы бар объектілер мен субъектілердің барлығы тексеріліп тергеледі. Сонымен бірге министрлік бұйрығы талқылауға шықты. Онда стоматологиялық қызметтерге БЖЗҚ-дан төленетін қаражат тоқтатылатыны жазылған. Бұл соңғы шешім», – деді вице-министр.
Стоматологиялық орталықтар жазаға тартылып, тергеу аяқталған соң да, зейнетақы қорының қаражаты есебінен тіс емдеу тетігі қайта іске қосылуы екіталай. Оспановтың айтуынша, анықталған қаражат 247 млрд теңгеден асқан. Ал анықталмаған жағдайлар бойынша қанша көлемде қаражаттың шығарылғаны әлі де белгісіз.
Еске сала кетсек, «Ашық НҚА» порталына зейнетақы жинағын тіс емдетуге пайдалану мүмкіндігін алып тастауды көздейтін министрлік бұйрығы жарияланды. Ведомство зейнетақы қорының мақсатсыз пайдаланылып жатқанын негізге ала отырып, мұндай тәжірибені тоқтату туралы шешім қабылдаған.
Мұның алдында enpf-otbasy.kz платформасында тіс емдеуге өтініш қабылдау уақытша тоқтатылғаны хабарланған болатын.