Алматы облысында өртеніп жатқан қоқысты сөндіруге басқа өңір құтқарушылары келді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
қоқыс полигонындағы өртті
Алматы облысындағы қоқыс полигонындағы өртті сөндіруге басқа өңір құтқарушылары жұмылдырылды / Фото: Алматы облысының әкімдігі

Алматы облысындағы қоқыс полигонындағы өртті сөндіруге басқа өңір құтқарушылары көмекке келді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, жел бағытының өзгеруі және өрттің 10 метр тереңдікте бықси жануы өрт сөндіру жұмыстарын күрделендіре түскен. Сол себепті бұл жұмыстарға басқа өңірден де өрт сөндірушілерді шақырту туралы шешім қабылданған.

«Өртті сөндіруге Алматы, Шымкент қалалары, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл, Жетісу және Абай облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, сондай-ақ ҚР ТЖМ Мартбек Мамраев атындағы 52859 және Қасым Қайсенов атындағы 68303 әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері қосымша жұмылдырылды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Бірнеше күннен бері жанып жатқан полигонды сөндіруге 200-ден астам жеке құрам мен 90-нан астам техника жұмылдырылған. Бұдан бөлек құтқарушыларға 11 өрт оқпаны және 1 тасымалды лафетті оқпан берілген.

Бұл жағдайды ТЖМ басшысы Шыңғыс Әрінов өз бақылауына алған. Министр тапсырмасымен өрт орнына Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев келді.

Комитет басшысы өрт сөндіру жұмыстарын тәулік бойы жүзеге асыратын жедел штаб құруды тапсырған.

Соның нәтижесінде 6 учаске құрылып, «Терең-Қара» өзенінен ашық су көзіне автомобиль-сорғы жеңін орнату арқылы магистральдық желі тартылып, су үздіксіз жеткізіле бастаған. Су жеткізу жұмыстарының өзіне 6 бірлік техника, атап айтқанда, бір автомобиль-сорғы жеңі және 5 автоцистерна жұмылдырылған.

«Өртті сөндіру бойынша барлық қажетті шаралар ТЖМ күшімен тәулік бойы орындалуда. Күндіз-түні құтқарушылар ошақтарды инертті материалдармен толтырып, топырақты тығыздау жұмыстарын жүргізуде. Бұл әдіс оттың бықсуын оттегінің қолжетімділігін толығымен жауып, өрттің түпкілікті жойылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – делінген баспасөз хабарламасында.

Еске сала кетсек,  Алатау қаласына қарасты Али ауылының маңында жатқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бірнеше күннен бері өртеніп жатыр. Бұл өрттен шыққан түтін Алматы облысында жол қозғалысына да кедергі келтіруде.

Сондай-ақ оқыңыз