Жаңалықтар

Алматыда жарты айда жауатын жауын-шашын бір күнде жауған

23 тамызда ауа-райы жаңбырлы болады деп күтіліп отыр /фото: shutterstock
Алматыда бір күнде жарты айлық жауын-шашын мөлшері жауған /фото: shutterstock

16 қыркүйек күні Алматыда жарты айда жауатын жауын-шашын бір күнде жауып, қала тұрғындарын әуре-сарсаңға салды. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазгидромет» РМК деректері бойынша қалада бірнеше сағат ішінде 12 мм, ал тау бөктеріндегі жерлерде 15 мм жаңбыр жауды. Бұл бір айлық жаңбырдың 53 пайызы. Қыркүйек айындағы норма – 28 мм», – делінген әкімдік хабарламасында.

Әкімдік қаланың коммуналдық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Жаңбыр салдарынан болған зардаптарды жоюға арнайы техникалар мен жұмысшылар жұмылдырып, түнімен қаланы тазалау жұмыстарын жүргізген.

Жаңбырдан келген зардаптарды жою жұмыстарына ТЖД, РЖҚО, Алматы құтқару қызметінің күштері, сондай-ақ мердігер ұйымдар тартылған.

Жалпы нөсер кезінде көшелерді су басып кетуіне арық желісінің жаңбыр суына толып кетуі себеп болған.

Аманжол көшесінің жол төсемі опырылған

Әкімдік ең үлкен жүктеме Әуезов ауданындағы Аманжол көшесіне түскенін, салдарынан жол төсемі опырылып түсіп, 13 автокөлік зақымданған. Әуезов ауданы әкімі аппараты бұл учаскеде «Спецстрой Групп ЛТД» ЖШС мердігерлік ұйымы сумен жабдықтау және кәріз желілерін салу жұмыстарын жүргізгенін, сонымен бірге «QazaqGaz» АҚ газ құбырының жоспарланған құрылысына байланысты асфальтбетон жабыны толық қалпына келтірілмегенін хабарлаған.

«Ауданның жаңбыр суы арық науалары арқылы дәл осы көшеге ағып кетеді, бұл жүктемені едәуір арттырады. Сонымен қатар, инженерлік желілердің терең төсемі топырақтың негізін әлсіретті. Қатты жаңбырмен бірге бұл жабынның шөгуіне және бұзылуына әкелді», – делінген әкімдік хабарламасында.

Әкімдік опырылып кеткен Аманжол көшесін жауып, зақымдалған көліктерді эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлаған. Бұл көліктерге келтірілген зиянды мердігер ұйым өтейді.

Айта кетейік, бұл учаскеде асфальттің опырылып кеткен туралы видео әлеуметтік желілерде тарады.

Самокат жүргізушілері терең шалшыққа құлаған

16 қыркүйек күні әлеуметтік желілерде самокат жүргізушілерінің терең шалшық суына құлап кеткені туралы видео тарады. Видо авторы суы белден келетін арыққа бірнеше самокат жүргізушілерінің түсіп кеткенін айтады. Бұл оқиға Манас пен Жандосов көшелерінің қиылысында болған. Онда арық желісі суға толып, жан-жағын су басқан. Салдарынан жүргінші жолы мен арықты ажырату мүмкін болмай қалған.

«Негізгі себеп-асфальтталған жабын, бұл судың ағып кетуін қиындатқан. Зардаптарды жою үшін «Алматы тазалық» МКК бригадалары сол жерге аттанды. Арықты тазарту, су ағызу жұмыстары жүргізілді, қапшықтар мен қоршаулар қойылды. Арық жүйесінің одан әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін асфальт жабынын ашу жоспарлануда», – делінген әкімдік хабарламасында.

Айта кетейік, қалада әлі де жауын болатыны болжанып отыр. 17-19 қыркүйек күндері қалада жауын-шашын күтіледі.

Еске сала кетсек, 16 қыркүйек күні жауған жаңбыр кезінде Алматыда кептеліс күшейді. Бағдаршамдар істен шығып, көшелерді су басты. Салдарынан қала тұрғындары көп уақытын жолда өткізуге мәжбүр болды. Бұл күнгі көшелердегі кептеліс көрсеткіші 10 балға дейін жетті.