Жаңалықтар

БҰҰ бюджетін 500 млн долларға қысқартпақшы

Фото:UN

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш 2026 жылға арналған ұйым бюджетін биылғы жылмен салыстырғанда 15% қысқартуды ұсынды. Бұл туралы БҰҰ баспасөз қызметі хабарлады.

«БҰҰ 2026 жылға арналған бюджет есебін қайта қарап шықты: шығындарды 500 млн доллардан астам сомаға қысқарту ұсынылды», – делінген мәлімдемеде.

Қысқарту шаралары бейбітшілікті қолдау миссияларының бюджетін де қамтиды. Сондай-ақ 2027 жылға қарай БҰҰ Нью-Йорктегі екі ғимаратты жалға алудан бас тартуды жоспарлап отыр.

БҰҰ-ның әкімшілік және бюджет мәселелері жөніндегі консультативтік комитеті бұл ұсынысты осы аптада қарайды. Кейін комитет өз қорытындысын Бас Ассамблеяның Бесінші комитетіне жолдайды. Барлық 193 мүше-мемлекет желтоқсан айына дейін түпкілікті шешім қабылдайды деп күтеді.

Шетелдік басылымдардың жазуынша, соңғы бірнеше жылда БҰҰ қаржыландыруда қиындықтарға тап болып келеді. Бұған ұйымды ұстауға арналған қаражатты мемлекеттердің толық көлемде немесе уақытылы аудармауы себеп.

Қосымша проблемалардың бірі – АҚШ-та Дональд Трамптың билікке қайта оралуы. Ол бірнеше рет БҰҰ-ны тиімсіз ұйым деп атап, оған көп қаржы жұмсауға қарсы екенін мәлімдеген.

Осыған дейін Тоқаев ұйымның жұмысына баға беріп, «Біріккен Ұлттар Ұйымына әлі күнге дейін еш балама жоқ» деп атап өтті.