Енді жасөспірімдерге ChatGPT-ді пайдалануға шектеу қойылады

Жарияланды 17 Қыркүйек 2025 10:22

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Фото: ашық дереккөзден

OpenAI компаниясы 18 жасқа толмаған ChatGPT пайдаланушыларына жаңа шектеулер енгізгенін хабарлады. Бұл туралы компанияның ресми сайтындағы блогта бас директор Сэм Альтман жазды.

Альтманның мәлімдеуінше, OpenAI пайдаланушының жасын анықтауға көмектесетін мінез-құлықтық талдау жүйесін енгізеді. Егер жүйе нақты жасын анықтай алмаса, пайдаланушыны жасөспірім деп есептеп, бірқатар функцияларды шектейді. Ондай кезде суицид тәрізді кейбір қауіпті тақырыптарға ақпарат шықпайды, мәтіндер жазылмайды.

Егер жасөспірім ChatGPT-пен сөйлескенде суицидтік ниеті байқалса, жүйе ата-анасына хабар беруі мүмкін. Ал өміріне нақты қауіп төнгенін білінсе, тиісті органдарға жүгінеді. Ересектер үшін ChatGPT мүмкіндіктері өзгеріссіз қала береді.

Альтманның сөзінше, компания ChatGPT-ті барлық жастағы адамдар үшін пайдалы әрі қауіпсіз етуді көздейді, бірақ жасөспірімдер жағдайында еркіндікті шектеу арқылы қорғауды саналы түрде таңдайды.

«Кейбір жағдайларда немесе елдерде біз жеке куәлікті сұрауымыз мүмкін; мұның ересектер үшін құпиялылықты бұзатынын түсінеміз, бірақ мұны орынды ымыра деп есептейміз», – деді ол.

Еске салайық, осы жылы жазда ChatGPT жаңартылған жаңа нұсқасын шығарған еді.

Сондай-ақ оқыңыз