
Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Астанаға келіп, 2 қазанда Digital Bridge форумында сөз сөйлейді. Шараның пленарлық отырысына да қатыспақшы. Бұл жайлы Қазақстанның БАӘ-дегі елшісі Рауан Жұмебек хабарлады.
«Telegram негізін қалаушы @durov-пен кездесіп, Digital Bridge аясындағы оның қатысуы алдында пікір алмасқаныма қуаныштымын. Оның идеялары инновациялар мен цифрлық трансформация туралы жаһандық диалогқа құнды үлес қосатынына сенімдімін», – деп жазды ол Instagram парақшасында.
Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев те Павел Дуровтың пленарлық отырыста сөз сөйлейтінін растады. Оның айтуынша, 2 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Халықаралық жасанды интеллект орталығы alem.ai ашылады.
Пленарлық отырыста Павел Дуровпен бірге БАӘ-нің жасанды интеллект жөніндегі мемлекеттік министрі Омар Сұлтан Әл-Олама, Стэнфорд профессоры Илья Стребулаев, Sinovation Ventures негізін қалаушы әрі бас директоры Кай-Фу Ли, Стэнфорд университетінің ғылыми қызметкері, Google-дың зерттеу жөніндегі директоры Питер Норвиг сөз сөйлейді.
Отырыстың модераторы Solana Foundation президенті Лили Лю болады.