Президенттіктен кеткен Джо Байден қарызға батып жүр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: ашық дереккөзден

АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден Ақ үйден кеткен соң қаражаттан қысылып жүр. Бұл туралы The Wall Street Journal жазады.

Басылымның дерегінше, Байдендер отбасының қарызы шамамен 800 мың долларды құрайды. Оның ішінде Рехобот-Бичтегі құны 2,7 млн доллар тұратын үйге алынған ипотека бар. Экс-президенттің жылдық табысы – зейнетақы мен жәрдемақы ретінде 416 мың доллар. Бірақ бұл қаражат шығындарды толық жаппайды.

Президенттіктен кейін Байден қоғамдық дәріс оқуға тырысып көрген. Оны 300-500 мың доллар көлемінде бағалаған, бірақ компаниялар арасында сұраныс өте төмен.

Жағдайын реттеу үшін экс-президент мемуар жазу туралы баспамен келісімге отырды. Қаламақысы 10 млн доллар деп бағаланды. Бұған дейін қызметтен кеткен Барак пен Мишель Обама да кітап жазып, 60 млн доллар тапқан еді.

Қатерлі ісікпен күрес

Қазір Джо Байденнің денсаулығы да мәз емес. Қатерлі ісікке шалдыққан экс-президент әлі емін жалғастырып жатыр. Қаражаттың қомақты бөлігі емге де кетіп жатыр.

Одан бөлек отбасына да көмек көрсету керек. Байденнің ұлы Хантер әйелімен ажырасқаннан кейін, миллиондаған доллар алимент төлеуге міндетті болды. Хантердің кітаптары мен картиналары бұрын отбасына қосымша табыс әкелетін еді, бірақ қазір оларға да сұраныс төмендеген. Ал қызы Эшли ажырасып жатыр.

Дереккөздер Байдендер отбасы салыстырмалы түрде қарапайым өмір сүретінін айтады. Бірақ іссапарларға келгенде «элитаға тән кейбір әдетін сақтап қалған» деп жазады басылым.

Байденнің қазіргі Ақ үй әкімшілігімен де байланысы нашар. Трамп оның ұлы Хантерді сотқа беріп, 1 млрд доллар талап етпекші.

Сондай-ақ оқыңыз