
«ҚазМұнайГаз» Баку-Тбилиси-Джейхан құбыр жүйесі арқылы мұнай жөнелтуді қайта бастады. Ақтау портынан Баку-Тбилиси-Джейхан (БТД) бағытына қарай Қашаған мұнайының 8,8 мың тоннасы жөнелтілді, келесі партия 20 қыркүйекке жоспарланып отыр.
БТД бағыты бойынша 2025 жылдың 8 айында Қазақстан мұнайын тасымалдау көлемі – 0,9 млн тонна. Осы жылы тамызда мұнай жөнелту уақытша тоқтатылған еді.
Баку–Тбилиси–Джейхан мұнай құбыры – Каспий аймағындағы ең ірі энергетикалық инфрақұрылым жобаларының бірі. Оның ұзындығы шамамен 1768 шақырымды құрайды. Құбыр Әзірбайжанның астанасы Бакуден басталып, Грузия аумағы арқылы өтіп, Түркияның Жерорта теңізіндегі Джейхан портына шығады. Жоба ресми түрде 2005 жылы іске қосылды.
2022 жылы ҚМГ мен Әзербайжанның SOCAR мемлекеттік мұнай компаниясы арасында Қазақстан мұнайының транзиті туралы бас келісімге қол қойылды.
2024 жылы ҚМГ мен SOCAR арасында Әзербайжан Республикасының аумағы арқылы мұнай транзитін кезең-кезеңімен ұлғайту туралы келісім жасалды.