Жаңалықтар

ҚазМұнайГаз Атырау мен Ұлытаудан мұнай мен газ қорын іздейді

Фото: ҚазМұнайГаз баспасөз қызметі

«KMG Barlau» ЖШС атты ҚазМұнайГаздың еншілес компаниясы Атырау мен Ұлытау облысынан сейсмикалық барлау жұмыстарын қолға алды.Бұл жайлы ҚМГ баспасөз қызметінен хабарлады.

2025 жылдың басында ҚМГ аталмыш екі учаске бойынша, сондай-ақ қазіргі уақытта тарихи деректерді өңдеу іс-шаралары жүргізіліп жатқан Ақтөбе облысындағы Шығыс учаскесі бойынша жер қойнауын геологиялық зерттеуге лицензия алды. Шығыс учаскесінде 500 бойлық километр көлемінде 2D сейсмикалық барлау жұмыстары 2026 жылға жоспарланып отыр.

Осыған дейін «ҚазМұнайГаз» 2025–2027 жылдарға арналған жер қойнауын геологиялық зерттеу жобаларын бастайтынын хабарлаған. Жобалар мақсаты – мұнай-газды барлау мен өндіруге перспективті учаскелерді анықтау арқылы Қазақстандағы көмірсутек ресурстарын ұлғайту.

Аталған жобалар ҚМГ-ның халықаралық инвесторларды тартуға бағытталған жаһандық роуд-шоу бағдарламасына енгізілді. Бұл бастама шетелдік әріптестердің Қазақстандағы геологиялық барлау жұмыстарына қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Компания атап өткендей, мұндай тәсілдің тиімділігі бұған дейін дәлелденген. 2022–2025 жылдары геологиялық зерттеудің бірінші кезеңі жүзеге асырылып, Батыс Қазақстандағы «Березовский» кен орнын барлауға кірісті. Оған халықаралық Sinopec компаниясынан инвестиция тартқан. Дәл осылай Shell және Chevron -мен бірігіп, Ақтөбе облысында барлау жұмысын бастаған.