Lifestyle

3 мың жыл бұрын Мысыр фараоны таққан алтын білезік ұрланды

Ежелгі Египет / фото: shutterstock
Мысыр фараоны таққан алтын білезік қолды болды / фото: shutterstock

Біздің заманымызға дейін шамамен 1 мың жыл бұрын Мысырды билеген фараон Аменемопқа қатысы бар алтын білезік ұрланды. Бұл туралы осы елдің туризм және ежелгі тарих министрлігі хабарлады.

Ресми мәліметке қарағанда, 3 мың жыл бұрынғы алтын білезік Египет мұражайының жөндеу зертханасында қолды болған.

Фараон таққан алтын білезік / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Фараон таққан алтын білезік / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Лазурит орнатылған қарапайым ғана көне жәдігердің суреті әуежайларға, теңіз порттарына, шекара бекеттеріне жолданды. Жергілікті билік құнды мұраның шетелге шығып кетуінен қауіптенеді. Дегенмен министрлік білезіктің нақты қай уақытта ұрланғаны туралы мәлімет таратпады. Істі жергілікті прокуратура қарап жатыр.

Баспасөз мәліметінше, білезік Рим қаласында өтетін көрмеге дайындық қарсаңында қолды болғанға ұқсайды.

Шетелдіктер ежелгі Египет жәдігерлерін көруге ынтық. 2025 жылы осы елге 18 млн турист барады деп болжанды.

Биыл қараша айында Гиза пирамидаларына жақын маңда көрме ашылуы тиіс. Мұндағы жәдігерлер құны – 1 млрд доллар.