Шымкентте жекеменшік балабақша антисанитарлық жағдайда жұмыс істеп жатыр

Шымкенттегі жекеменшік «Березка» балабақшасының ата-аналары шу шығарды. Олар балабақшаның бейнебақылау камерасын ашып тексергенде, балаларының қараусыз қалғанына куә болған. Ішке кіргенде тазалықтың жоқ екеніне көз жеткізген. Тіпті асханадан тышқан көргендерін айтады. Балабақша құрылтайшысы кемшіліктерді түзеуге уақыт беруді сұрайды. Ал қалалық білім басқармасы бұл туралы тиісті мекемелерге хат жолданатынын хабарлады.
Даудың басы
Шымкентте бірнеше ата-ана жекеменшік «Березка» балабақшасына барып шу шығарды. Олардың бірі Шара Өтегенова кіші топтағы қызының денесі көгергенін көріп балабақшадағы бейнебақылау камерасын ашуды талап еткен. Балабақша әкімшілігі алғашында камераны ашудан бас тартқан. Ата-аналар полиция көмегімен камераны ашқанда балаларының күйін көріп, кейбірі жылап жіберген. Онда жерде тізіліп отырған он шақты балаға екі кесе тамақты бір қасықтан бергенін, кейбіріне тамақ жетпей қалғанын, балалардың жерде ұйықтап жатқанына куә болған. Ашынған ата-аналар балабақшаның ішіне кіріп тексерген.

«Асханасында дәу тышқан жүр. Тамақ дайындайтын қазанның сырты қап-қара» дейді ата-ана Әйгерім Ахметова. – Бұл балабақшаға екі балам барады. Үлкенім – ортаншы топта, кенжем кіші топта. Екеуі де күнде үйге тамақ іздеп келеді. Тамақты түстен кейін сағат төртте береді, үйге келгенше қарны ашады деп ойлайтынмын. Міне, қазір неге қарны ашатындарын көзіммен көріп отырмын. Бір күнде 2 қасық ботқа мен 2 қасық сорпа ішкен баланың қарны қалай ашпайды? Балаларым қайта-қайта ауырған соң емдедім, дәрумендер беріп жүрдім. Қайта-қайта іші өтеді. Апайы өзі ішкен қасықпен балаларға тамақ беріп отыр. Үлкен адамның сілекейі мен кішкентай адамның микрофлорасы бір емес қой».
Балаларға берілетін ас мәзірі қайда?
Ата-аналар балабақшадан күнделікті ас мәзірін іздеп көріп, қабырғадан 2023 жылы жазылған ас мәзірін тапқан. Олардың сөзінше, күнделікті балаларға берілетін тамақтың мәні жоқ. Белгіленген талаптарға сай емес. Балабақша дәлізінен нәжістің иісі сезіледі. Балалардың жатын бөлмесінде электр сымдары ашық-шашық жатыр. Оның айналасында балалар ойнап жүр. Қолқаны қабатын жағымсыз иістен дәретхана ішіне кіру мүмкін емес. Ал жуынатын бөлмедегі қол жуатын шұңғылша жуылмаған ыдысқа толып жатты. Балабақша іші лас, шаң-тозаң. Жуық арада жуып-шайылмағаны анық көрінеді.
«Біздің уәжіміз, антисанитария. Балаларды дамытатын бірде бір көрнекілік жоқ. Ойыншық жетпейді», – дейді Әйгерім Ахметова.
Балабақшаның іші мен балалардың жай-күйін көрген ата-аналар ашуға мінді. Олар балабақша құрылтайшысын ортаға алды.

«Қабырғада 2023 жылы жазылған ас мәзірі тұр. Неге, маған жауап беріңізші. Дәрі қорабы қайда? Медбике неге жоқ? Бала құлап қалған жағдайда кім көмек береді? Қызуы көтерілсе түсіру үшін берілетін дәрі қайда? Сізден талап етемін, қайда? Өрт қауіпсіздігі неге сақталмаған?», – деді ата-ана Шара Өтегенова.
Балабақша құрылтайшысы не дейді?
Балабақша құрылтайшысы Гүлжамал Төлебекова балабақшадағы ата-аналардың шағымымен келіседі. Ол санитарлық талаптардың бұзылғанын, балалардың қараусыз қалғанын растайды. Айтуынша, ай басында балабақша меңгерушісі мен кіші топтың тәрбиешісі аяқасты жұмыстан шығып кеткен. Балабақша қараусыз қалған.
«Сол күннен бастап меңгеруші қарастырып іздедім. Артынша кіші топтың тәрбиешісі жұмыстан кетті. Иә, бұл туралы ата-аналарға жазып, хабар бере алмадым. Тек шарқ ұрып тәрбиеші іздей бердім. Тапқан тәрбиешінің өзі бос болып шықты. Ата-аналарға білікті, өз ісінің маманын қарап табайын. Кем-кетіктерді реттеп берейін. Сіздер айтқан уәждің бәрін реттеуге уақыт беріңіздер дедім», – дейді балабақша құрылтайшысы.
Десе де Гүлжамал Төлебекова ата-аналардың балабақшада балаларды дұрыс тамақтандырмайды дегенімен келіспейді. Оның сөзінше, ас мәзірі белгіленген нормаған сай дайындалады.
Білім басқармасының уәжі
Ата-аналар тиісті мекемелерден балабақшаны тексеруін сұрайды. Кейбірі тексеруді күтпей балаларын балабақшадан алып кетті.
Қалалық білім басқармасы ата-аналардың шағымын тексеру үшін тиісті мекемелерге хат жолданатынын мәлімдеді.
«Жекеменшік «Березка» бөбекжай-балабақшасында келеңсіз жағдай орын алды.
Атап айтқанда, «Балбөбек» кіші тобының тәрбиеленушісінің бетінен ата-анасы тырнақ іздері байқаған. Осы оқиғаға байланысты ата-ана шағым білдірген. Сондай-ақ ата-ана балабақша әкімшілігінің жұмысын және тамақтану мәселесін сынға алған», – делінген басқарма хабарламасында.
Білім басқармасы балаларының құқықтарын қорғау және қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін арттыру және тиісті шаралар қабылдау мақсатында Шымкент қаласының полиция департаментіне, қалалық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне және қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хат жолданатынын мәлімдеді.
Ресми ақпаратқа қарағанда, «Березка» бөбекжай-балабақшасы 2020 жылдың тамыз айында ашылған. Онда 3 топта 72 бала тәрбиеленуде. Айына әр балаға мемлекеттен 55 мың теңге қарастырылған. Ал ата-аналар әр баласына орташа есеппен 15 мың теңге ақы төлейді. Жалпы балабақшада 10 қызметкер жұмыс істейді. Олардың бесеуі кіші қызметкерлер.