
Перизат Қайратқа қатысты соттан кейін Asarume қайырымдылық қорына азаматтардан түсетін қаражат екі есе азайған. Бұл туралы елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне қатысуға келген қор басшысы Асхат Нұрмашев айтты, деп хабарлайды KursivMedia.
Халықтың сенімі азайды
Айтуынша, Перизат Қайратқа қатысты сот процесі елдегі қайырымдылық саласына зиян келтірген.
«Перизат Қайрат, басқа қорлар да алаяқтық әрекетімен ұсталды. Халықтың сенімі азайды. Қаңтардан бастап Asarume қоры 76 отбасыға баспана берді. Былтыр осындай уақытта 150 отбасыға үй әперген едік», – дейді Нұрмашев.
Сөзінше, халықтың қайырымдылық қорына аударатын қаражаты да екі есе азайған.
«Оған уақыт керек. Халық ненің не екенін түсіне бастайды. (…) Алаяқтықпен айналысатын қор көп емес. Бірақ жағдай баяғыдай деп айта алмаймын. 2025 жылы танитын бірнеше адам ұсталды. Қаражат, атақты көрген кезде көп адам шыдамайды екен», – дейді ол.
Қаржы мониторингі агенттігі тексерген
«2024 жылдың соңында Перизат Қайрат басқарған қорға, біздің Asarume қорына қатысты шу басталды. Жалпы 4-5 қорға әсер етті. Соның ішінде тоғыз айдың ішінде жыл сайынғы аудиторлық тексеру, апта не ай сайынғы видео есебімізге Қаржы мониторингі агенттігінің тексеруі қосылды. Агенттік бәрін тексереді, қарайды», – дейді Асхат Нұрмашев.
Айтуынша, агенттік тексеріс жүргізіп, жұмысты аяқтаған. Алайда қордың үстінен ешкімнен арыз-шағым түспеген.
«Агенттіктің айтпай тексеретін мүмкіндігі бар деп ойлаймын. Сот басталарда шоттарымызды тексереді. Жоспардан тыс жария емес тексеру деп ойлаймыз», – дейді Асхат Нұрмашев.
Перизат Қайрат ісі
2025 жылдың шілдесінде Biz Birgemiz Kazakhstan 2030 қорының жетекшісі Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша – «Алаяқтық», 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы – «Аса ірі көлемде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату)» бойынша кінәлі деп танылды.