
Қазақстан Үкіметі алдағы үш жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын бекітті. Құжатта елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ), инфляция деңгейі, жалақы, сыртқы сауда көрсеткіштері және мұнай бағасына қатысты негізгі бағыттар қамтылған. Ел үкіметінің болжамына сәйкес, 2028 жылы елдегі орташа жалақы 605 мың теңгені құрауы тиіс.
Ең төменгі жалақы 85 мың теңге күйінде қалмақ. Ал ең төменгі күнкөріс деңгейі қазіргі 46 мың теңгеден 57,4 мың теңгеге жетпек.
2025 жылы Қазақстанның ЖІӨ 161,9 трлн теңгеге жетпек. Ал 2026 жылы – 183,8 трлн, 2027 жылы – 206,1 трлн, 2028 жылы – 229,8 трлн теңге болады. Экономикалық өсім қарқыны жылына орта есеппен 5% шамасында сақталмақ. Доллар есебінде ЖІӨ 2028 жылға қарай 425,6 млрд долларға жетеді. Халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіші осы кезеңде 20 мың доллардан асады.
Инфляция баяулайды
Үкімет болжамына сәйкес, 2025 жылы инфляция 10–11% деңгейінде қалыптасса, 2026 жылы 9–11%-дан аспауы тиіс. 2027 жылдан бастап көрсеткіш 5,5–7,5%-ға дейін төмендеп, ал 2028 жылы 5–7% деңгейінде тұрақтамақ. Бұл баға өсімінің баяулап, экономикада тұрақтылық орнауына мүмкіндік береді.
Жалақы мен халық табысы
Алдағы жылдары халықтың жалақысы біртіндеп артады. Ресми дерек бойынша, 2025 жылы орташа айлық жалақы 423 мың теңгені құраса, 2026 жылы – 500,9 мың теңге, 2027 жылы – 554,1 мың теңге, ал 2028 жылы – 604,9 мың теңге болады. Нақты жалақы өсімі де оң динамика сақтап, 2026 жылы 7,6%-ға, 2027 жылы 3,9%-ға, 2028 жылы 3%-ға өсуі керек.
Экспорт, импорт және сауда балансы
Қазақстанның сыртқы саудасы да өсім көрсетеді. 2025 жылы экспорт көлемі 75,5 млрд долларды құрайды деп күтілсе, 2028 жылы 83,7 млрд долларға жетеді. Импорт 2025 жылы 64,3 млрд доллардан 2028 жылы 75,2 млрд долларға дейін ұлғаяды.
Сауда балансы оң болып қала береді, алайда оның көлемі біртіндеп қысқаруы ықтимал. Егер 2025 жылы оң сальдо 11,2 млрд доллар болса, 2028 жылы 8,6 млрд долларға дейін төмендейді.
Мұнай бағасы
Болжамға сәйкес, Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы 2025 жылы 70 доллар болса, 2026 жылдан бастап барреліне 60 доллар деңгейінде тұрақтайды. Бұл фактор экспорт кірістеріне әсер етсе де, Үкімет тұрақты бағамен экономиканы жоспарлауға басымдық беріп отыр.
Қазақстанда орташа жалақы жыл сайын өскенімен, ел тұрғындарының нақты табы артпай отыр. Жалақы өсімі елдегі инфляция басып кетеді.