Жаңалықтар

ФРЖ жыл басынан бері алғаш рет негізгі мөлшерлемені төмендетті

Фото: kursiv.media архиві

АҚШ Федералды резерв жүйесі (ФРЖ) 9 айда алғаш рет негізгі пайыздық мөлшерлемені төмендетті. Ол 0,25 пайыздық пунктіге қысқарып, 4–4,25% деңгейінде бекітілді. Бұл туралы Reuters агентігі хабарлайды.

Бұл қадам – еңбек нарығындағы әлсіреу мен жұмыссыздықтың арту қаупіне берілген жауап. ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл мәлімдегендей, қазан және желтоқсан айларында мөлшерлемені тағы да төмендету қарастырылуы мүмкін. Оның айтуынша, қазірдің өзінде жұмыссыздық артып, жұмыс аптасы қысқара түскен.

«Жаңа жұмыс орындарының ашылу қарқыны халықты тұрақты жұмыспен қамтуға жеткіліксіз. Кәсіпорындар аз адам жалдап отыр. Мұндай жағдайда қысқарту көбейсе, жұмыссыздықтың өсуі жылдам жүреді», – деді Пауэлл.

ФРЖ басшысы үшін бұл тек алғашқы қадам ғана емес, ең бастысы – алдағы айларда мөлшерлеменің жалпы бағыты. Ол инфляция қаупінің әлі де сақталып отырғанын атап өтті. Сондықтан әр шешім келесі отырыстарда жеке қаралады.

Жаңадан жарияланған болжамдарға сәйкес, биыл инфляция 3% деңгейінде қалыптасуы мүмкін. Бұл орталық банктің 2% мақсатынан айтарлықтай жоғары. Ал жұмыссыздық деңгейі бұрынғыдай – 4,5% болып қала береді. Экономикалық өсім болжамы да сәл ғана түзетілді: 1,4%-дан 1,6%-ға көтерілді.

Бұған дейін сарапшылар нарық ФРЖ саясатын жұмсартатынын күтетінін хабарлаған.