Миллиардер Владимир Кимге тиесілі компания мыс өндірісін азайтты

Қазақстандағы ең ірі тау-кен компаниялардың бірі – KAZ Minerals 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында мыс өндірісін азайтты. KAZ Minerals Қазақстанның ең бай кәсіпкерінің бірі – Владимир Кимге тиесілі. 64 жастағы Ким KAZ Minerals Ltd. компаниясының 63,5% үлесіне ие. Ал қалған акициялары Олег Новачукқа тиесілі.
Компания хабарламасына сәйкес, 6 айлық көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4%-ға төмендеп, 184 мың тоннаны құрады.
Өндірістің кемуіне өңделген кен құрамындағы мыс мөлшерінің азаюы және Бозшакөл кен орнында күрделі минералогиялық құрамының нашарлауы әсер еткен.
2025 жылдың алғашқы жартысында алтын, күміс және мырыш өндірісі де төмендеген. Атап айтқанда, алтын көлемі өткен жылғы 75,9 мың унциядан 62,6 мың унцияға, күміс өндірісі 1,875 млн унциядан 1,775 млн унцияға, ал мырыш концентраты 22,5 мың тоннадан 20,4 мың тоннаға дейін төмендеді.
Компанияның түсіндіруінше, бұл көрсеткіштер кен құрамындағы аталған металдардың төмен деңгейімен байланысты.
Алты айда сатылған мыс көлемі 176 мың тоннаны құрады, бұл өндірістен 4%-ға аз. Бұған концентраттың үлкен бөлігінің Балқаш мыс қорыту зауытында толлингке бағытталуы себеп болды.
Сонымен қатар, екінші тоқсанда сатылған шикізат көлемі 96 мың тоннаға жетіп, өндірістен жоғары болды. Бұл топтың жолдағы тауар қорын қысқартуының нәтижесі.
Компания 2024 жылы кен өңдеу көлемін 6%-ға арттырып, 96,5 млн тоннаға жеткізді. Компания Ақтоғай, Орловский, Бозшакөл, Бозымшақ және Шығыс Қазақстандағы екі кен орнында жұмыс істейді.