Трамп талабы: ЕО Ресейге қарсы санкция мәселесінде ортақ шешімге келе алмай отыр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Еуропа елдері ұзақ уақыттан бері АҚШ-ты Ресейге қатаң санкциялар салуға шақырып келген. Алайда қыркүйекте жағдай өзгерді: президент Дональд Трамп Еуропаға жауап ретінде өзі талап қойды. Ол ЕО-дан Ресей мұнайынан бас тартуды, Үндістан мен Қытайға тариф енгізуді талап етті.

Алайда Еуропа елдері Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакетін қабылдауды кейінге қалдырмақ. Тhe Wall Street Journal (WSJ) басылымының жазуынша, бұған АҚШ президенті Дональд Трамптың күтпеген талабынан кейінгі дағдарыс себеп болған. Бұл талап Еуропа елдерін тығырыққа тіреді. Өйткені мұндай қадам одақ үшін саяси да, экономикалық та ауыр шешім болмақ.

Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Трамппен сөйлескеннен кейін, жаңа санкциялардың Ресейдің банк секторын, криптовалюталық нарығын және энергетикасын қамтитынын мәлімдеді. Бұл шаралар Ресей экономикасына қысым жасаса да, ЕО ішінде пікірталас көп.

Трамп сондай-ақ Ресейдің жүздеген миллиард долларға тең шектеу қойылған активтерін пайдалануды ұсынған. Бұл қаражатты Украинаға көмек ретінде жұмсау ұсынысы бұрыннан талқыланғанымен, Еуропа астаналары жаһандық қаржы орталығы ретіндегі беделіне зиян келмей ме деп қорқып келген.

Дипломаттардың айтуынша, Еуроодақ Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуде қиындыққа тап болды. Әр мүше-мемлекеттің көзқарасы әртүрлі: кейбірі әлі де Ресей мұнайы мен газының ірі сатып алушылары. Германия, Франция және Италия сияқты елдер энергетикалық тәуелділіктен шыға алмай отыр. Венгрия мен Словакия да Ресейден келетін отынға қатты тәуелді.

Еуропа Қытай мен Үндістанға тариф енгізуден де бас тартты. Оның орнына шектеулерді бұзған компаниялар мен тұлғаларға ғана санкция салуды жөн көреді. Жазда бір үнді компаниясына санкция салынғанымен, жаңа қадамдарға бару екіталай, себебі Брюссель Үндістанмен еркін сауда келісімін көздеп отыр.

2024 жылы ЕО елдері Ресейден шамамен 27 млрд доллар көлемінде энергия сатып алған. Тіпті ресейлік сұйытылған газ импорты айтарлықтай артқан. Бұл жағдай Еуропаның Мәскеуге қарсы қатаң қадам жасауын тежеп тұр.

Қазіргі таңда ЕО Ресейдің шектеу қойылған 300 млрд доллар активін пайдалану мүмкіндігін қарастыруда. Қаражаттың басым бөлігі Бельгиядағы Euroclear депозитарийінде сақталған. Ұсыныстардың бірі бойынша, бұл активтер Украинаға қарыз түрінде беріліп, егер Ресей репарация төлемесе, ЕО ақшаны қайтару үшін активтерді толықтай тәркілеуі мүмкін.

Ресей болса, мұндай қадамға қарсы ескерту жасады. Мәскеу өз кезегінде Ресейде жұмыс істеп жатқан еуропалық компаниялардың активтерін тартып алуы ықтимал.

Еуроодақтың Ресейге қысым жасау құралдары азайып барады. Санкциялар Мәскеудің әскери қуатын әлсірете алмады, ал АҚШ-тың Украинаға тікелей әскери көмекті тоқтатуы жағдайды қиындата түсті.

Сондай-ақ оқыңыз