
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жастар істері бөлімінің меңгерушісі Бағыжан Күзекбай әлеуметтік желіде дұға сатқан бойжеткеннің әрекетіне пікір білдірді.
Маманның сөзінше, мұндай әрекет дінге қайшы келеді.
«Дінімізде дұға сату деген жоқ. Ол дінге қайшы. Діни сауаты өте төмен жастар осындай әрекетке барып жатыр. Халықты алдау арқылы дұға сатып жүр. Дінге кеше ғана келген, ислам әдебін білмейтін, сауаты төмен көп жас бар. Біріншіден, бұл халықты алдау. Екіншіден, мешіттің бәрі дұға жасау әдебін, құранды тегін үйретіп жатыр. Тегінге бармай, кей адам сатып алып жатыр. Ал дұғаны «сатып» жатқандар пайда көргісі келеді», – дейді Күзекбай.
Бұған дейін әлеуметтік желіде блогер Аякөз Асқарова дұға сататынын айтып, видео жариялаған еді.
«Бұл группада бір ғана дұға берілмейді, бұл группада көптеген дұғалар айтылады. Дұғаның әдебі айтылады. Алладан қалай дұрыс тілеу керек екені айтылады. Көптеген ақпараттар дәл осы менің 1000 теңгелік хит болған группамда айтылады және сыйлықтар ойнатылады. Группаға төлем жасаған жандар, төлем жасап болғаннан кейін сразу чек жіберіңіздер», – деп жазды блогер әлеуметтік желідегі парақшасында.