Lifestyle

Алматыда туристік қызметтердің рекордтық өсімі тіркелді

Алматыда туристік қызметтердің рекордтық өсімі тіркелді / фото: Туризм басқармасы

Алматыда 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында туристерді орналастыру саласындағы қызметтердің көлемі 50,1 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16,6%-ға көп. Бұл деректі қалалық туризм басқармасы жариялады.

Қалалық туризм басқармасының мәліметінше, қаладағы қонақ үйлердің бөлмелер саны бір жыл ішінде 8%-ға өсіп, 12 552 бөлмеге жеткен. Қазіргі таңда мегаполисте 377 орналастыру нысаны жұмыс істейді. Олардың жалпы сыйымдылығы 22 768 төсек-орынға тең, бұл қонақтарды қабылдау мүмкіндігін едәуір арттырады.

Бүгінде Алматы туристік орталық ретіндегі позициясын нығайтып келеді. Жаңа жобалардың іске асуы инфрақұрылымды жақсартып қана қоймай, қосымша жұмыс орындарын ашып отыр. Бұл өз кезегінде Алматыдағы демалысты қолжетімді әрі жайлы етеді, – деді қалалық туризм басқармасында.

Жыл басынан бері жеке инвестициялар есебінен 34 жаңа туристік нысан іске қосылды. Олардың қатарында 11 қонақ үй, 1 глэмпинг, 1 капсулалық қонақ үй, 18 хостел және 3 демалыс базасы бар.

Сонымен қатар қала әкімдігі жанындағы жобалық кеңсе аясында 6 794 нөмірге арналған 58 қонақ үйдің құрылысы мен 35 туристік нысанның жобалау және құрылыс жұмыстары бақылауда тұр.